Жер бетіне келіп-кеткен көптеген пайғамбарлар өздеріне түскен кітаптарда соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.у.) келетіні жайлы үмбеттеріне білдіріп, айтып кеткен. Алайда бұл кітаптардың заман өте келе адамдар тарапынан әр түрлі бұрмалануына байланысты бұл хабарлар да өзгеріске ұшыраған. Сан мәрте адамдар тарапы­нан әдейі бұрмаланып, өзгеруге ұшыраса да, ішінде әлі де Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) келетіні жайлы ишарат пен сүйінші хабарларға толы Тәурат, Інжіл кітаптарының тек бір-екі жеріне тоқтала кетуді жөн көрдік.

Тәурат сүйіншілері:

Ысмайл нәсілі

Алла Тағала Тәуратта Хазіреті Мұсаға былай дейді: «Олар (Израйл ұрпақтары) үшін бауырларының арасынан сен секілді бір пайғамбар шығарамын да, сөздерімді Оның аузына саламын. Ол әмірлерімнің барлығын оларға айтып жеткізеді» (Сифр:Тәсния,18:18).

Тәураттағы «Израйл ұрпақтарының бауыры» деген сөз тіркесі Хазіреті Ысмайлдың нәсілінен келетін пайғамбар­ға ишарат етілген. Себебі Израйыл ұрпақтары Ибраһимнің баласы Исхақтан тарағандықтан, олардың (израйл ұр­пақтарының) бауыры Ибраһимнің екінші баласы Исмайлдан тараған ұрпақ болуға тиіс. Ал Хазіреті Исмайлдың нә­сілінен келгені анық жалғыз пайғамбар – Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.). Алла елшісі де (с.а.у.) Хазі­реті Мұса (а.с.) секілді жаңа шариғатпен келген. Аяттың соңындағы «Сөздерімді Оның аузына саламын» сөзі – Пайғамбарымыздың оқу-жазу білмейтіндігіне және Құранды ауызша жатқа оқып адамдарға жеткізетіндігіне иша­рат. Тәуратта айтылған пайғамбардың Хазіреті Иса мен Хазіреті Юша (а.с.) болу ықтималына келсек, бұл ақылға қонбайды. Өйткені сөз етіліп отырған пайғамбарлар Израйл ұрпақтарынан келген.

Інжіл сүйіншілері:

Фарақлит

Иоганна Інжілінде: «Мәсих (Иса): «Рабб сендермен әрқашан бірге болуы үшін сендерге басқа Фарақлит береді» – деді.» (Иоганна, баб: 14, аят: 15.)

«Фарақлит келген кезде мен үшін куәгер болады. Сендер де маған куәлік етіңдер» (Иоганна, Баб: 14, 26).

«…Мен кетпесем Фарақлит келмейді» (Иоганна, Баб:14, аят: 7-8)

«Фарақлит» сөзі грек тілінде «Приклитос» деп өтеді. Ал «Приклитос» сөзі араб тіліндегі «Ахмет» деген сөздің ма­ғынасымен бірдей. Бәрімізге белгілі Пайғамбарымыздың бір аты «Ахмет» болған. Тіпті Құранда пайғамбарымыз­дың Інжілдегі есімінің «Ахмет» екендігі айтылады.[1]

Жоғарыда ескерткеніміздей, бұларды адамдарға оймақтай ой салу үшін айттық. Қосымша мынаған тоқталсақ дейміз. Күншілдік пен кекшілдігі шырмауықтай шырмасқан яһуди мен христиандар бар күшін салып бұрмалауға қанша тырысса да, әлі де Тәурат пен Інжілден Алла Елшісінің пайғамбарлығына тән көптеген ишарат пен сүйінші табылуы мүмкін. Тәурат, Інжіл және Зәбурдан ең аз өзгеріске түскен нұсқалары табылса, сол кезде шамасы еш­қандай жорамалды да, тәпсірді де қажет етпей, Алла Елшісіне (с.а.у.) байланысты көптеген ашық белгілер бар екенін қарапайым адам да анық аңғарады[2].

[1] Иенер Өзтүрік, Иені бір иорумла Ислам инанч есаслары. Ышык иайынлары.

[2] Ән-нурул-халиду Мухаммадун мафхаратул-инсания.