Тек бір ғана салада жетістікке жетіп, сол салада білікті маман болу үшін арнайы жағдайдың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Кез келген бір ғана салада кәсіби мамандыққа қол жеткізу үшін ондаған жыл уақыт кетіреміз. Тіпті сол салада ғұмыр бойы жұмыс істейміз. Иә, тек бір салада ғана белгілі бір жетістікке жету үшін арнайы құрал-жабдықтың, тыныш ортаның, ыңғайлы ахуалдың, белгілі бір уақыттың керектігі сөзсіз. Ал бір адамның әр салада жетістікке жетіп, барлық салада сөз иесі болуы мүмкін емес. Мысалы, бір адам жоғары дәрежеде тәрбиеші, пси­холог, һәм тамаша бір қолбасшы және аса білгір медицина ғалымы, әрі физик және т.б. ғылымдарды игеруі ине көзінен нар түйенің өтуімен парапар. Бірақ бұл мүлде болмайтынды ешбір құрал-жабдықтың көмегінсіз, әр түр­лі қым-қиғаш қиын жағдайлардың бел ортасында жүріп жүзеге асырған жалғыз адам – Мұхаммед (с.а.у.). Өйтке­ні Ол жай адам емес, адамзатқа әр нәрседе үлгі болуы үшін жер бетіне жіберілген Алла Тағаланың арнайы елші­сі еді. Сондықтан Пайғамбарымыз әр саланың асқар шыңына туын тігіп, қияметке дейін өзгермейтін, тозбайтын жаңалықтар әкеліп, ереже-қағида қойды.
Иә, Пайғамбарымыз – керемет ұстаз, тамаша тәрбиеші. Оның (с.а.у.) теңдессіз ұстаздығы мен тәрбиешілігі­нің алдында бүкіл әлем бас иеді. Пайғамбарымызға дейін араб түбегінің жағдайы қалай еді? Айтуға ауыз бармайтын жаман әдеттер мен іс-қылықтардың, зұлымдық пен тағылықтың қараңғылығында тұншығып жат­пап па еді? Міне, Пайғамбарымыз сол қараңғы қоғамды бар-жоғы жиырма үш жыл ішінде тәрбиелеп, же­тілдіріп әлемге үлгі болар қоғамға айналдырды. Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли секілді жұлдыздай жарық та биік сансыз тұлғаларды жетілдіріп ғаламға кәміл адамның үлгісін көрсетті. Тайпа-тайпаға жіктеліп, бір-бірі­мен қырық пышақ болып қырқысып, бітпейтін қан дауына бой алдырған бұл қоғамда нағыз бауырмашылдық пен ағайындықтың бейбіт туы желбіреді. Бір-бірінің мал-мүлкін талан-таражға салған бұл қоғам Оның (с.а.у.) арқасында бір-біріне «Бауырым! Сен аш жүргенде, менің бұл жүрісім қалай?» – деп мал-мүлкінің жартысын шын көңілімен бөліп берді. Тіпті өзі аш болса да, үйіндегі аз ғана тамақпен басқа­ны тойдыру үшін шамды байқамай өшіріп алған болып, өзі табақтағы тамақтан қасығына еш нәрсе ілместен аузына алып-келіп, қайта табаққа апарып ішіп-жеп отырғандай көрінген періште тәріздес сахабаларға ай­налды. Қоғамның денесіне бойлап, қанына сіңген адамгершілікке жат әдет-ғұрыптарды қамырдан қыл суырғандай тамырына балта шауып, жоқ етті. Пайғамбарымыз (с.а.у.), міне, осындай тәрбиеші, осындай ұс­таз еді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдарға ешбір істі зорлап-зомбылап істетпеген. Айналасына жиналған нұр жүзді саха­балар Оның аузынан шыққан әрбір сөзді жан-жүректерімен қабылдап, жүзеге асыру үшін керек болса, жанда­рын да пида етуге дайын тұратын. Әрбір сөзі мен іс-әрекеті жанындағы адамдар тарапынан ереже-қағида тұтыл­ған бұл тұлға пайғамбар болмаса кім еді?

Оның ұстаздығына тәнті болған Муғауия ибн Хакам атты сахаба: «Одан асқан керемет мұғалімді бұрын-соңды көрмедім. Ол мені зекіп ұрыспады және қол жұмсап ұрмады»[1] – дейді.

Әлемдегі барлық саладағы ғалымдар жиналып адам баласына темекінің зиянын айтып, түрлі тәсілдерді қолданса да, оны тастатуға шамалары келмеді. Ал енді адамдардың қанына сіңісіп кеткен темекіден де сорақы әдеттерді тастатып, олардың орнына әр түрлі көркем қасиеттерді үйрете білген Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығының, ұстаздығының алдында қалай бас имессің?

[1] Абдул-Фаттах Әбу Ғудда, Әр-Расулул-муғаллим, 12-бет. Дәрул-башайрул-Исламия, Байрут. 1997.