Белгілі бір мектепте мұғалім немесе бір мекемеде бастықсыз. Оқушылардың, яки қарамағыңыздағы адамдардың жүректеріне жол тауып, ойыңыздағы асқақ пікірді, терең тәлім-тәрбиені бергіңіз келді делік. Бұл мақсатыңызға жету жолында кез келген қиыншылыққа, әр түрлі рухани және заттық зиян, қауіп-қатерге, өте ауыр қорлайтын сөздер мен іс-әрекеттерге шыдайтыныңызды ойлап, тіпті бұл жолда жаныңызды да пида етемін деген ниеттесіз. Ал, енді төменде көрсетілген пайғамбарымыздың басына келген қиын да шытырман жағдайлар кездескен сәтте, қандай күйде боласыз? Жолыңызды еш өзгертпестен, пайғамбарша сабырмен жалғастыра білесіз бе? Жалпы өзі­ңізге, жүрегіңіз бен сезімдеріңізге бір көз салып, құлақ түріңіз… Сізге бұлар не дейді?

Адамдар:

Ата-бабамыздың осы уақытқа дейін табынып келген пұттарына қарсы шығатын мынау қайдан шықты?-деп бетіңіз­ге түкірсе…

Әбдімүттәліптің жетімінен басқа пайғамбарлыққа адам табылмай қалып па? – деп жаныңызға бататын ауыр сөз айтып, қорласа…

Көпшілік арасында: Сиқыршы, көзбайлаушы – деп келеке етіп, мысқылдаса…

Әйеліңізге әр түрлі ауыр жалалар жауып, халық арасында ар-намысыңызды қорлайтын өсек таратса…

Намазда басыңызды сәждеге қойып, Раббыңызға мінәжат етіп жатқанда, малдың ішек-қарнын әкеп басыңызға аударып, келемеждеп, қарқылға басып күлсе…

Елмен араласуға қатаң тыйым салып, сауда-саттық, жалпы қарым-қатынасты үзіп, бойкот жариялап аш қалдыр­са…

Аштықтың ауыртпалығы соншалық айлар бойы нәр татпаған достарыңыз аштықтан жапырақ жеп кетсе…

Ең жақын туысыңызды өлтіріп, құлағын кесіп, көзін ойып, денесін тілгілеп, бауырын суырып алып, шайнаса….

Жүретін жолыңызға тікен шашып, бұрыш-бұрышта қолдарына шоқпар алып сізді аңдыса…

Сүйікті отаныңызды тастап кетуге, туған-туыстан айырылысуға мәжбүр етіп, өлтіруге ант ішсе…

Барған жеріңізде де тыныштық бермей әскер жіберіп, жаныңыздан да жақсы көретін достарыңызды өлтірсе…Не істер едіңіз? Оларға қандай жауапта болар едіңіз? Осылардың бәріне сабыр сақтап, еш мойымастан, шайқалып-теңселіп, күмәнға бой алдырмастан жолыңызды жалғастыра білесіз бе? Олардың осы іс-әрекеттеріне кешірім­мен, мейіріммен қарап: «Раббым, олардың бұл істерін кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын білмейді. Оларды сен тура жолға сала гөр!» -деп олар үшін ізгі тілек тілеп, жаманшылықтарына жақсылықпен жауап бере аласыз ба?

Иә, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) олардың барлық зұлымдықтары мен қорлықтарына шы­дап, әр түрлі кесірлеріне қарсы сабырды қару етті. Оларға анадай мейірім құшағын ашып діттеген мақсатына же­те білді. Міне бұл – адамзат ардақтысы Мұхаммедттің (с.а.у.) шынайы елші екендігінің айқын тағы да бір дәлелі болса керек. Оның (с.а.у.) қасиетті өмірбаянын оқып отырып, еріксіз көзімізге жас алып «Мұхаммед, Сен тек Алланың шынайы елшісісің» – деп иманыңа нәр тамызасың.