Адам баласы – санасы мен ерік-қалауы бар жаратылыс. Қалаған нәрсесін сөйлеп, қалаған жағына бара алады. Жалғыз емес, қоғам болып өмір сүреді. Басқалармен үнемі қарым-қатынас, байланыста. Бойында әр түрлі қа­сиеттердің көзі бар. Тас сияқты қатты, мақта сияқты жұмсақ та бола алады. Мейірімді де, қатігез де бола алады. Ал басқа жаратылыс олай емес. Мысалы, арыстан әрқашан жыртқыш, ал қой үнемі жуас, момын. Алма ағашында өрік, өрік ағашында алма өспейді. Қарға бұлбұл секілді ән салып, бұлбұл қарғадай қарқылдай алмайды. Өйткені барлығы өзгермейтін тұрақты қасиеттерге ие. Ал адам жақсы-жаман әр түрлі қасиеттерді бойында жинай алатын­дай кейіпте жаратылған. Иман етуі де, етпеуі де өз қолында. Қаласа сауатсыз, қаласа ғалым бола алады. Тілінен туралық та, жалған да шығуы мүмкін. Қолын қанға былғап, қатігездікте жыртқыштарды да артқа қалдыруы мүм­кін. Дәл осы адам мейірімділікті ту етіп, шартарапқа бейбітшілікті жаюы да ықтимал. Міне, адам баласы осындай түрлі қалау мен сан алуан қасиеттердің иесі болғандығы үшін мына дүниеде ол үшін сынақ әрі ана дүниеде жән­нат, тозақ бар. Міне осындай әр түрлі жолға бағыт бұруға бейім адам үшін тура жолды көрсететін, әлемнің сы­рын ашып, оның қайдан пайда болғанын, кімнің жаратқанын, жаратылуындағы негізгі мақсат-міндетін түсіндіріп, жауабына қол жеткізе алмайтын небір сұрақтарына қатесіз жауап беретін, әрбір ісінде үлгі болатын шамшырақ керек. Ол – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген пайғамбарлар екені шүбәсіз. Жалғыз ғана ақыл бұларды еш қатесіз, кәміл түрде шешуге жеткіліксіз емес. Дін нұрын шырақ тұтпаған небір зерек ақылдылардың, атақты пәл­сапашылардың жаратылыстың сырын аша алмай орта жолда шаң қауып қалғаны немесе қате түсініп адасқаны, адасып тығырыққа тірелгенде ақылынан айырылып, жынды болып кеткеніне тарих куә.

Иә, адамның бүгін тура дегені ертең қате болып жатады. Бұған күн сайын өзгеріп отырған сансыз «измдер» дә­лел. Дәлірек айтсақ, көбіне «ақыл» адамды тек біржақты бағалайды. Ақылдың ойлап тапқан «коммунизм» секіл­ді басқа «измдер» де адамды тек материалдық тұрғысынан әрі осы дүниемен шектеп қана қарастырады. Оның рухани жан дүниесін және мәңгілік екінші дүниесін ұмыт қалдырады. Міне, дін адамды һәм рухани, һәм заттық, һәм екі дүние таразысының басын тең ұстап бағалағандықтан, адам дінге, дінді жеткізетін пайғамбарларға әрдай­ым мұқтаж. Діні жоқ ешбір қауымның жоқтығы осының белгісі. Қысқасы, Құран тілімен айтқанда: «Жаратушы жа­ратқанын білмейді ме?».[1]
Егер пайғамбарлар келмегенде Ұлы Жаратушыны толық, кемел сипаттарымен қатесіз тану мүмкін болмас еді. Жаратушы деп түкке тұрмайтын нәрселерге құлшылық жасап, табынуы әбден мүмкін. Пайғамбарға сен­беген қауымдардың жаратушы деп өз қолдарымен жасаған пұттарға, Ай, Күн, жұлдыздарға сыйынғандары, міне, осы тұсты айқындай түседі.
Адамның ақылы «Дүниеге не үшін келдім? Міндетім, мақсатым не? Жаратушым менен нені талап етеді?» де­ген сұрақтардың жауабына жете бермейді. Адам «өзін мақсатсыз, басым бос» деп пайымдайды. Жақсы-жа­ман, адал-арам деп талғамай, қалағанын істейді. Сондықтан адамға жаратылуындағы мақсатын, адамдығы­на сай міндетін түсіндіріп, Ұлы Жаратушысының бұйрықтары мен тыйымдарын жеткізетін пайғамбарлар ке­рек.
Адам баласына өлімінен кейінгі құбылыстар мүлде беймәлім. Сондықтан пайғамбарлар адамға өлгеннен кейін қайта тірілетіндігін, дүниеде істеген әрбір ісінен сұрақ алынып, жәннатпен марапатталып яки тозақ­пен жазаланатынын түсіндіріп, ескерту үшін жіберілген.
Пайғамбарлардың жіберілу мақсатының бірі – үмбеттеріне қайталанбас үлгі-өнеге көрсету. Алла Тағала Құран Кәрімде: أُوْلَئِكَ الَّذِينَ هَدَى اللَّهُ فَبِهُدَاهُمْ اقْتَدِهْ «Міне, солар (пайғамбарлар) нағыз Алланың тура жолға салған құлдары. Ендеше сен де олардың тура жолына ілес![2]» – делінсе, басқа бір аятта: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا «Расында, сендерге, Алладан және ақырет күнінен үміт еткен­дер мен Алланы көп зікір еткендер үшін Алланың Елшісінде жақсы үлгілер бар» – делінеді.[3]

Пайғамбарлар – біз үшін жолбасшы әрі имам. Намазда имамға ұйығанымыздай, өмірдің әр қадамында Оны үлгі тұтып, Оның жолымен жүреміз. Бізге нағыз шынайы өмірді пайғамбарлар ғана көрсете алады. Исламның алғаш­қы дәуірін көргендер Алла Елшісінің қас-қағым сәттерін де қалт жібермей мұқият қадағалап, Одан үлгі-өнеге алып отырған.
Пайғамбарлар дүние мен ақырет тепетеңдігін құру үшін келген. Олардың әкелген тепе-теңдігімен адам ба­ласы өмір жолының астамдығы мен нұқсандығынан құтылып, дұрыс бағытын табады. Бұл – поптар мен мо­нахтардай дүниені тәрк етіп, монастырларға қамалып, елден бөлектену, тұмшаланған әлемге кіріп, ғұмыр бойы жалғыз өмір сүру емес, керісінше, үнемі орта жолдан айырылмай, дүние мен ақыреттің өзіндік салмағына қарай тепе-теңділік сақтай ғұмыр кешу. Бұл – уахидың (Алладан келген хабар) нұрлы әлемінде ғана қол жеткізуге болатын табыс. Пайғамбар жеткізген ақиқаттан мақұрым жалаң сана арқылы мұндай те­пе-теңдік орнығуы әсте мүмкін емес. Құран Кәрім осы тепе-теңдік жайында: وَابْتَغِ فِيمَا آتَاكَ اللَّهُ الدَّارَ الْآخِرَةَ وَلَا تَنسَ نَصِيبَكَ مِنْ الدُّنْيَا وَأَحْسِنْ كَمَا أَحْسَنَ اللَّهُ إِلَيْكَ وَلَا تَبْغِ الْفَسَادَ فِي الْأَرْضِ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ «Алланың саған берген ырыс-бере­кетімен ақырет мекенін ізде. Бірақ, дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей, сен де өзгелерге жақсылық істе. Сондай-ақ, жер жүзінде бүлікке ілеспе. Күдіксіз Алла бүлікшілер мен содыр­ларды жақсы көрмейді»[4] – дейді[5].

Ақыретте «бізге пайғамбар жіберіп, тура жолды көрсеткеніңде адаспайтын едік» деп сылтауға басқысы келетін­дердің аузына құм құйылуы үшін, оларға хақ пен нахақты түсіндіріп, жеткізетін пайғамбарлар жіберілген. Осылайша сылтауларының алды алынған. Бір аят бұл мәселені былай баян етеді: رُسُلًا مُبَشِّرِينَ وَمُنذِرِينَ لِأَلَّا يَكُونَ لِلنَّاسِ عَلَى اللَّهِ حُجَّةٌ بَعْدَ الرُّسُلِ وَكَانَ اللَّهُ عَزِيزًا حَكِيمًا «Елшілерден кейін Аллаға айтар желеуі болмас үшін пайғамбарларды сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік: Алла Азиз (аса үстем), Хаким (хикмет иесі)»[6].

[1] Тәбарак сүресі/14

[2] Әнғам сүресі 90-аят.

[3] Ахзап сүресі 21- аят.

[4] Қасас сүресі 77-аят.

[5] М. Фатхуллаһ, Ән-нурул-халиду Мухаммадун мафхаратул-инсания, муассисатул-Рисәлә, 1-том, 69-77 бет. Бәй­рут. ауд: Ахмет Әшен.

[6] Ниса сүресі 165-аят.