Жалпы жаратылыс, мына болмыс әлемі адам баласына Ұлы Жаратушыны танытар алып кітап ретінде жаратылса, пайғамбарларға уахи арқылы жеткен барлық парақтар мен кітаптар да Ұлы Құдіретті қатесіз тануымыз үшін жіберілген. Сондай ақ адамзатқа мына дүниедегі негізгі міндетін түсіндіріп, ақ-қараның ара-жігін айқындап, екі дүниенің бақытын сыйлау үшін түсірілген. Міне, Алла Тағала тарапынан келген барлық осы кітаптарға сену – Ис­лам дінінде иманның негіздерінен саналады. Құранда:

«Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман келтірмесе, қатты адасады…»[1] – делінген.

Ұлы Жаратушымыз әр түрлі мекендер мен уақыттарда түрлі-түрлі қауымдарға өзінің бұйрықтары мен тыйымда­рын қамтыған және сол қоғамның сана дегейіне сай керекті мәліметтерді жеткізетін, жеке тұлғалық, қоғамдық проблемаларының шешімдерін баяндап, өз араларында әділдікті орнататын парақтар мен кітаптар жіберген. Па­рақтардың нақты саны бізге беймәлім. Ал, Құран Кәрімде білдірілген жалпы кітаптың саны төртеу: Зәбур, Тәу­рат, Інжіл, Құран. Біз, мұсылмандар, бұл төрт кітаптың барлығының Алла тарапынан адам баласына тура жолды көрсету үшін жіберілгендігіне кәміл сенеміз. Алайда соңғы кітап Құранның алдындағы үш кітап заман өте келе адамдар тарапынан әр түрлі әдейі өзгертулер мен бұрмалауға ұшырағандықтан, оларды негізге алып амал ет­пейміз. Құран түскеннен кейін өзге кітаптар негізге алынбайды.

1. Зәбур. Бұл кітапты Алла Тағала Дәуітке (а.с.) түсірген. Зәбур арапша «кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран Кәрімде: «Біз Дәуітке Зәбурді бердік[2]» делінген. Құранда Зәбур жайлы Тәурат және Інжілге қарағанда өте аз мағлұмат білдірілген. Еврейлердің Дәуіттің (а.с.) пайғамбарлық қасиетіне көлеңке түсіріп, ар-намысын кірлететін әйелдерге байланысты айтылған әр түрлі әңгімелері дұрыс емес. Себебі, барлық пайғамбарлар күнәнің кішісі­нен де, үлкенінен де Ұлы Жаратушы тарапынан қорғалған. Яһудилер, көбінесе, Дәуітке (а.с.) патша ретінде қарай­ды. Ал, мұсылмандар патша әрі пайғамбар ретінде иман келтіреді.

2. Тәурат. Мұса пайғамбарға түскен кітап. Тәурат иврит тілінде «заң, ереже-қағида, шариғат» деген мағыналар­ды білдіреді. Құранда: «Ішінде адамдарға тура жол және нұрды қамтыған Тәуратты біз жібердік»[3] – делі­нген. Тәураттың қазіргі таңда танымал үш түрлі нұсқасы бар. Бұл үш нұсқада айтылған көптеген ереже-қағида, хабарлардың бір-бірімен сәйкес келмеуі – Тәураттың адамдар тарапынан қатты өзгертілгендігінің айғағы.

3. Інжіл. Исаға (а.с.) түскен кітап. Інжіл «сүйінші, тағылым» деген мағыналарды білдіреді. Құранда: «Біз пайғам­барлардың артынан Мәриям ұлы Исаны өзінен бұрын түскен Тәуратты растаушы етіп жібердік. Оған (Исаға): Өзінен бұрын Түскен Тәуратты растаушы ретінде әрі тақуаларға тура жол мен насихат болсын деп ішінде тура жол және нұрды қамтыған Інжілді бердік»[4], — делінеді.

Қазіргі таңда Інжілдің Алла Тағала тарапынан түскен түпнұсқасы жоқ. Христиандардың қолында «Жаңа хабар» атты кейіннен адамдар тарапынан құрастырылып жазылған әр түрлі кітаптар бар. Бұлардың төртеуіне «Інжіл» де­лінеді. Бұл Інжілдер Иса (а.с.) дүниеге келген соң 325 жылдан кейін халық арасында кеңінен тараған, бір-біріне қарама-қайшы пікірлерге толы Інжілдің көптеген нұсқасынан таңдалып, құрастырылған. «Матта», «Маркос», «Лука», «Югонна» делінген адамдардың атымен аталатын бұл төрт Інжілдің ішіндегі баяндалатын оқиғалар көбінесе бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Бірінде харам делінген нәрсе екінші бірінде адал болып жатады. Бұ­ған қоса інжілдің бізге дейін келіп жету жолдарының дұрыстығы мен сенімділігі тұрғысынан да қасиетті Құран­мен, тіпті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерімен де салыстыруға тұрмайды.

Ұлы Жаратушыға байланысты және әр түрлі мәселелер мен тарихи оқиғаларды баяндайтын мағлұматтардың бұл төрт Інжілде әр түрлі, тіпті бір-біріне қарама-қайшы берілуінен түпнұсқаның кейіннен адамдар тарапынан қатты өзгеріске ұшырап, адами пікірлермен лайланғанын аңғарамыз.

4. Құран. Құран араб тілінде «көп оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран – Ұлы Жаратушының ақы­ретке дейін келіп-кетер барша адамзатқа тура жолды көрсету үшін соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.а.у.) уахи ар­қылы түсірілген, оқылуының өзі ғибадат саналатын мәңгілік иләһи кітап. Құран – өзіне дейінгі түскен барлық па­рақтар мен кітаптардың мазмұнын қамтыған. Құран – санасы қанша жетілсе де ақыретке дейінгі келетін күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін, жеке тұлғалық, қоғамдық әрі әлемдік бар­лық проблемаларына қатесіз толық шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген қасиетті соңғы кі­тап.

[1] Ниса сүресі/136.

[2] Исра сүресі/55.

[3] Майда сүресі/44.

[4] Маида сүресі/46.

Құран Кәрімнің Алла Тағала тарапынан жіберіл­гендігінің кейбір дәлелдері*

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде арабтардың ауыз әдебиеті, сөз өнерінің, әсіресе, ақындықтың шыңы­на жеткені соншалық – ақындар бір шумақ өлеңдерімен бейбіт жатқан екі елді соғыстырып немесе қылыш­тарын қындарынан шығарып, соғысуға шақ қалған екі елді татуластыратындай дәрежеде болған. Жыл сай­ын сөз өнерінен арналған сайыстар ұйымдастырылып, алғашқы жеті орынға ие болған шайырлардың есімі мен өлеңдерін алтынмен әшекейлеп қағбаға іліп қоятын. Ақындарды былай қойғанда, жалпы халықтың өзі бір-бірімен өлеңдесіп сөйлескен. Міне, сөз өнерінің осындай шыңына жеткен уақытта Пайғамбарымызға (с.а.у.) Құран түскен.

Қазіргі дін дұшпандары сияқты сол дәуірдің кәпір шайырларының Пайғамбарымызға: (с.а.у.) «Құранды өзің ой­дан жазып жатырсың» деген жалаларына қарсы Алла Тағала:

﴿قُللَّئِنِ اجْتَمَعَتِ الإِنسُ وَالْجِنُّ عَلَى أَن يَأْتُواْ بِمِثْلِ هَـذَا الْقُرْآنِلاَ يَأْتُونَ بِمِثْلِهِ

وَلَوْ كَانَ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ ظَهِيراً﴾

«Оларға былай деп айт: Ант етейін, егер адамдар мен жындар мына Құранның ұқсасын жасау үшін жиналып, тіпті бір-бірін қолдап, күштерін жинаса да оған ұқсас бір кітап жаза алмайды» (Исра/88) – деп аят түсіріп, олардан Құранға ұқсас бір кітап жазуларын талап етеді. Алайда араб ақын-шешендері Құранға ұқсас бір кітап жазу қолдарынан келмегендіктен ауыздарына құм құйылып үн-түнсіз қала берді.

Алла Тағала басқа бір аятта:

﴿أَمْ يَقُولُونَ افْتَرَاهُ قُلْ فَأْتُواْ بِعَشْرِ سُوَرٍ مِّثْلِهِ مُفْتَرَيَاتٍ وَادْعُواْ مَنِ اسْتَطَعْتُم مِّن دُونِ اللّهِ إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ﴾

«Жоқ, әлде олар (кәпірлер) Құранды өзі құрастырып алды деп жатыр ма? (Мұхаммед (с.а.у.) оларға айт: Егер айтқандарың рас болса Алладан басқа шақыра алатындарыңды (жәрдемге) шақырыңдар, (бәрің бірігіп) сен­дер де сол сияқты құрастырылған он сүре жазыңдар!»[1]- деп әншейінде намысшыл болып келетін шайырлар­дың намысын қайрап, олардан құрастырылған он сүре жазуларын талап етеді. Бірақ шайырлардың ауыздарына құм құйылып, дәрменсіздіктен Алланың бұл талабын да жауапсыз қалдырды. Он сүре жазуға шамалары келме­ген шайырларды Алла Тағала басқа бір аятта былай деп, бар білетін өнерлерін көрсетуге шақырады.

﴿وَإِن كُنتُمْ فِي رَيْبٍ مِّمَّا نَزَّلْنَا عَلَى عَبْدِنَا فَأْتُواْ بِسُورَةٍ مِّن مِّثْلِهِ وَادْعُواْ شُهَدَاءكُم مِّن دُونِ اللّهِ إِنْ كُنْتُمْ صَادِقِينَ*فَإِن لَّمْ تَفْعَلُواْ وَلَن تَفْعَلُواْ فَاتَّقُواْ النَّارَ الَّتِي وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ أُعِدَّتْ لِلْكَافِرِينَ﴾

«Егер құлымызға түсірген Құранға күмәндансаңдар, қанеки, бір сүресіне ұқсас сүре жазып әкеліңдер және Алладан басқа сенетіндеріңнің барлығын шақырыңдар, егер күмәндарың әрине рас болса. Бұны жасай алма­саңдар, – ешқашан жасай алмайсыңдар да – Ендеше, отыны адамдар мен тастардан тұратын кәпірлерге әзір­ленген тозақ отынан сақтаныңдар» (Бақара, 23-24). Әншейінде намысшыл келетін шайырлар бұл жолы тағы да Алланың талабына дәрменсіз қалып, Құранға ұқсас бір кітап емес, тіпті он сүре де емес, жалғыз ғана сүре жазу да қолдарынан келмегендіктен тағы да үнсіз қалды. Иә, күмән келтірген арабтардың өздерінен талап етілген Құ­ранға ұқсас бір кітапты, яки он сүресін, тіпті жалғыз сүресін жазу Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаңа дініне тосқауыл болудың ең қысқа әрі оңай жолы бола тұра, мал-жандарын қатерге соғатын соғыс жолын таңдаулары­ның астарында Құран сүрелерінің ұқсасын жаза алмаулары бар еді. Өйткені Құран мағынасындағы тереңдігі мен тәсіліндегі ерекшелігі жағынан арабтардың қара сөздеріне де, өлең шумақтарына да ұқсамайды. Он төрт ға­сырдан бері Құран сүрелеріне ұқсас бір сүрені күллі адам баласының жаза алмауы – Құранның Алла Тағала та­рапынан жіберілген хақ кітап екендігінің айқын дәлелі.
Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінің арасында сөз стильі тұрғысынан жер мен көктей ерек­шелік бар. Ерекшелігі соншалық – кез келген арабша білетін адам мағыналары бір болып келетін Құран аяттары мен хадистерді, «мынау – аят», «мынау – хадис» деп оп-оңай ажырата алады. Арабтар пайғамба­рымыздың хадистерін өздерінің сөздеріне ұқсас деп біліп, Құранды өздері қолданатын сөйлеу тәсілдерінің ешқайсысына ұқсата алмай, қайран қалатын. Себебі, Құранда арабтардың қолданған қара сөздеріне де, өлеңдеріне де ұқсамайтын, жалпы барлық адами сөйлеу тәсілдерден мүлдем өзгеше өзіне ғана тән иләһи (құдайлық) тәсіл бар.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін оқыған уақытымызда терең толғанып, Алланың ұлылығының алдын­да бас иіп, тебіреніп айтып тұрған адам бейнесі сезіледі. Ал Құранды оқыған уақытымызда Алланың ұлылы­ғы мен жаббарлығының үні байқалып, сөздің жұмыр басты адамнан емес, бүкіл әлемдердің Ұлы Жарату­шысынан келіп тұрғандығы анық байқалады. Пайғамбарымыздың бір-бірінен тым басқаша екі тәсілді әр жерде еш ойланбастан, оп-оңай ажыратып қолдануы Құранның ойдан шығарылған кітап емес, Алла Тағала тарапынан түсірілгендігінің айқын дәлелі болса керек.
Оқу-жазу білмейтін Алла елшісінің (с.а.у.) уахидың көмегінсіз жеке тұлғалық, отбасылық, қоғамдық, эконо­микалық және адами қатынастарды реттейтін құқықтық қағидалар қойып, ислам діні сияқты кемел жүйе құ­руы әсте мүмкін емес. Алла елшісінің (с.а.у.) алып келген жаңа жүйесі ғасырлар бойы дос-дұшпан, сан алуан ұлттар тарапынан іс жүзінде қолданылуда. Тіпті заман ескірген сайын ислам діні жаңара түсуде. Ендеше бұл ереже-қағидаларды қойған Мұхаммед (с.а.у.) емес, Ұлы Жаратқанның өзі болмақ. Тарихқта көптеген құнды кітаптар жазылған. Бірақ жұмыр басты пенденің туындысы болғандықтан, заманның жаңа­лығына өз шешімін беріп, адамзаттың күн сайын дамыған ой-өрісін қанағаттандыра алмағандықтан, жаңа толқын тарапынан «ісің бітті» делініп, сөредегі орнынан беймәлім жаққа тәрк етілген. Ал, Құранға деген адамзаттың мұқтаждығы күннен-күнге артып отыр. Иә, заман ескірген сайын Құран жаңара түсуде. Өткен ғасырларда тәпсірленіп, сол ғасырлардағы аса көкейкесті мәселелерге дауа болған Құран аяттары бүгінде басқа қырынан тәпсірленіп, құдды жаңа ғана түскендей адамзаттың шешімін күткен небір заманауи күрде­лі күрмеулері мен сансыз сауалдарына жауап беруде және қияметке дейін бере бермек. Сөйтіп, өзінің сар­қылмас қазынаға толы мәңгілік мұғжиза, ескірмес иләһи кітап екенін дәлелдей бермек.
Әлемде миллиондаған адам жатқа білетін және күн сайын жалықпастан оқылатын Құран секілді екінші бір кітап жоқ. Қандай классикалық әдеби кітапты алсаңыз да бір неше рет оқығаннан кейін одан жалығасыз. Ал Құранды оқыған сайын жалығу былай тұрсын, ол сізді жаңа ойларға жетелеп, рухани шабытқа кенелтеді. Көңіліңізге көктем сыйлайды. Алты жүзден аса беттен тұратын Құран Кәрімнің араб тілін білмей­тін миллиондаған адамдар тарапынан сөзбе-сөз толықтай оңай жатталуы және адамның жандүниесіне ағы­ла құйылып, баурап алатын, тек өзіне ғана тән ерекше әуені мен әуезі – Оның иләһи кітап екендігінің нақ белгісі.
Құранның бұрын болып кеткен көптеген оқиғалар мен келешекте болатын оқиға, жаңалықтардан нақты хабар беруіне ат үсті қарап, оны адам баласының жазған туындысы деу қисынға қайшы. Бұл жерде оның барлығын қамтып жазу мүмкін болмағандықтан, мысал ретінде бір-екеуін ғана беріп отырмыз.
Салих, Лұт, Мұса сияқты пайғамбарлар мен қауымдарының ежелгі дәуірде ғұмыр кешкен мекендері мен өмір сүру ахуалдарын Құран баяндағандай енді ғана зерттеп тапқан қазіргі археология ғылымы Құранға еріксіз таңғалуда.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде румдықтар мен сасанидтер үнемі бір-бірімен шайқаста болатын. Рум­дықтар сасанидтерден соңғы соғыста қайта бас көтерместей ойсыра жеңіліске ұшырайды. Осы жеңілістен кейін румдықтардың бірнеше жылдың ішінде жеңіс тұғырына қайта көтерілетіндігіне ешбір кемеңгер, да­нышпанның болжам жасауы мүмкін емес еді. Міне, осындай ешбір болжамның ұшы да көрінбеген кезеңде Құран Кәрім румдықтардың осы жеңілістерінен кейін сасанидтерді бірнеше жылдың ішінде қайта жеңетін­дігін дөп басып айтып салады:

﴿غُلِبَتِ الرُّومُ * فِي أَدْنَىالْأَرْضِ وَهُم مِّن بَعْدِغَلَبِهِمْ سَيَغْلِبُونَ * فِي بِضْعِ سِنِينَ…﴾

«Рум жеңілді, сендерге ең жақын жерде. Олар бұл жеңілістерінен кейін бірнеше жылдың ішінде қайта жеңіске жетеді…»[2]. Құран айтқандай-ақ румдықтар сасанидтерді бірнеше жылдың ішінде қайта жеңеді.

* Бұл жайлы кең мағлұмат үшін қараңыз, М. ИСАҰЛЫ, Құран кімнің сөзі?, Алматы, 2004.

[1] Һуд сүресі/11-13.

[2] Рум сүресі/1-4.