Әлемдегі ең үлкен
ақиқат – Ұлы Жаратушыны тану,
Оған деген махаббатты ояту.

Алла Тағалаға иман келтірген мұсылман баласы Оны көркем сипаттары арқылы тануға тиіс. Ұлы Жаратушыны та­ну дәрежесіне қарай адамның Оған деген махаббаты артып, үміті мен қорқуы күшейе түседі. Оны таныған сайын иманы күшейеді. Ұлы Жаратушысына деген жақындығын сезініп, тақуалығы мен тәуекелі арта түседі. Ұлы Иесін жеткілікті түрде таныған адам ғана күнә атаулыдан бойын мейлінше алыс үстап, түрлі күдікті ойлардан аулақ жүреді. Адам ақылы Ұлы Алланы толық танып, біле алмайды. Өйткені адам шектеулі, ал Ол – шексіз. Деcек те, Оны Құранда әрі хадистерде айтылған сипаттары арқылы танып-білуге міндеттіміз.

Ұлы Алланың сипаттары

Ұлы Алла бар әрі бір және барлық кемел сипаттардың шынайы иесі. Оған тек қана кемел сипаттар тән. Нұқсан си­паттардан Ұлы Иеміз пәк.

Алла Тағаланың сипаттары сәлби және субути болып екіге бөлінеді.

Сәлби сипаттары

Бұл сипаттар тек қана Алла Тағалаға тиесілі, Одан басқа ешкім бұл сипаттармен сипатталмайды. Жаратылыста бұл сипаттардың қарама-қайшылары бар. Сәлби сипаттар бесеу.

1. Әл-Қидам.

Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат Алла Тағаланың әзәли екенді­гін, яғни, Ұлы Иеміздің барлығының алдында ешқашан жоқтық болмағандығын білдіреді. Оның бар болмаған еш­бір заман, уақыт тіпті бір мезет жоқ. Заман, уақыт деген түсінікті Ол өзі жаратқан. Өйткені Алладан басқаның бә­рі кейіннен пайда болып, Оның шексіз құдіреті мен бөгетсіз қалауы арқылы тіршілік бетіне шыққан. Иә, Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ. Керісінше Ол – кейіннен жаратылған барлық жаратылыстың жалғыз бастауы. Қидам сипатына қайшы мағынада келетін «худус» сипаты, яғни, кейіннен пайда болу – Ұлы Жаратушы үшін әсте мүмкін емес. Себебі Алла Тағаланың өзі кейіннен пайда болса, Оны жаратқан біреу болуға, оны жарат­қанды жаратқан тағы біреу болуға тиіс. Осылайша шынжырланып кете беретін еді. Ал бұлай кете беру мүмкін емес әрі қисынға да қайшы.

2. Әл-Бәқаа.

Бар болуының соңы, ақыры жоқ – мәңгі деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат Алла Тағаланың мәңгі екендігінің, яғни, барлығының соңы, ақыры жоқ екендігін білдіретін сипат. Алла Тағала әзәли яғни, барлығының бастауы бол­мағаны секілді соңы да жоқ мәңгі. Сондықтан Оның жоқ болатын ешбір уақыт, ешбір заман, тіпті ешбір мезет бо­луы мүмкін емес.

Барлық жаратылыстың белгілі бір уақыттан кейін жоқ болып, көз алдымыздан кетуі – оларды жоқ еткен Ұлы Жа­ратушымыздың мәңгілігінің белгісі.

3. Әл-Уәхдания.

Бұл сипат «біреу, жалғыз, дара» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала затында, барлық сипаттары мен істерін­де жалғыз, біреу. Оның ортағы, серігі, теңдесі жоқ. Ұлы Алла көбеюден, азаюдан, бірігуден, бөлінуден, ажы­раудан пәк. Өйткені бұның бәрі кейіннен жаратылғандардың ерекшеліктері. Алла Тағала бұндай нұқсан, кемші­лік сипаттардан пәк әрі жоғары. Күллі жаратылыстағы барлық жарату, тірілту, өлтіру, рызық беру сияқты т.б. іс­тердің негізгі болдырушы себебі, яғни, себептердің себебі – еш теңдесі жоқ Ұлы Алланың Өзі ғана.
Жалпы әлемнің, ондағы әрбір нәрсенің бір-бірімен тығыз байланыста болуы – Жаратушының бір екендігі­нің белгісі. Мысалы, бір ғана алманы жарату үшін жалпы әлемді жарата алатындай күш-құдірет керек. Де­мек, алманы кім жаратса, оған керекті топырақты, топырақтағы минералдарды және Жерден бірнеше есе үлкен Күнді, ауаны, суды да жаратқан – Сол Алла болуға тиіс. Күнді кім жаратса, Күн жүйесіндегі оған бай­лаулы бүтін жұлдыздарды да жаратқан – Сол. Күнді кім жаратса, көзімізді де жаратқан – Сол болуға тиіс. Себебі, көзді жаратып, жарықты жаратпаса, көзіміз көре алмас еді ғой. Егер көз клеткаларының атомда­ры Күн сәулесіне үйлесімді етіп жаратылмағанда, көзіміз еш ақаусыз көре алар ма еді? Мына әлемдегі бар­лық жеміс-жидектерге әр түрлі дәмді кім берсе, адамды жаратып, оған сол дәмді тату үшін дәм тату қабіле­тін де берген – Сол. Ер адамды кім жаратса, оған үйлесімді етіп, бейне бір минус пен плюс іспетті бір-бірін толықтыратын кейіпте әйел затын жаратқан да Сол бір Алла болуы ләзім.

Иә, жалпы ғалам, ондағы әрбір нәрсе бір адамның денесіндегі ағзалардай бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір кісідей әрекет етуде. Тіпті олардың біреуінің ақау келтіруі басқаларға әсер етеді. Ендеше, бұлардың барлы­ғын жаратқан және басқарып, бақылап тұрған құдіретті Жаратушы – біреу.
Әрі күллі жаратылыстағы ұқсастық бір Жаратушының құдіретінен шыққандығына дәлел. Мысалы, барлық адамдардың, жан-жануардың ағзаларының ұқсастығы және атомның айналасындағы электрондар мен Күн жүйесінің ұқсастығы секілді сансыз ұқсастықтар – бәрінің де жаратушысы бір екендігін білдіреді.
Әлемдегі теңдессіз де үйлесімді таңғажайып жүйе олардың Жаратушысының бір екендігін тайға таңба бас­қандай айқын білдіреді. Егер Алладан басқа тәңірлер болған жағдайда, әлемдегі бұл керемет жүйенің тас-талқаны шығар еді. Мысалы, бір тәңір Күннің Жерді айналуын қаласа, екінші бірі Жердің Күнді айналуын қалауы мүмкін. Ал екеуінің де қалауы бір уақытта жүзеге асуы мүмкін болмағандықтан, мына әлемдегі жүйе, тепе-теңдік бұзылар еді. Құранда бұл ақиқат былай деп баяндалады: ﴿لَوْ كَانَ فِيهِمَا آلِهَةٌ إِلَّا اللَّهُ لَفَسَدَتَا﴾ «Егер жер мен көкте Алладан басқа тәңірлер болғанда жер мен көк тас-талқан болып бұзылар еді».[1]

Егер тәңірлердің екеуі де бірдей бір қалауда тоғысып, келіседі делінсе, онда екеуі де қалаулары шекті, бір-бір­лерінің қалауынан тыс әрекет ете алмайтын және бір-біріне тәуелді әрі әр қалағанын істей алмайтын әлсіз бол­мақ. Ал әр қалағанын істей алмайтын әлсіз, қалауы басқаларға тәуелді нәрсе ешқашан Алла бола алмайды.
Бір мектепте екі директор, бір қалада екі әкім, бір мемлекетте екі президент болуы мүмкін емес. Өйткені ешкім өзінің ісіне басқаның араласуын, екінші бір ортақты қаламайды. Қалауы мен күш-қуаты шектеулі адам баласының өзінде осылай болып жатса, күллі ғаламның жаратушысы Алла Тағала өзінің салтанатты патшалығына, теңдессіз құзіретіне басқа біреудің араласуын қалай ма? Әлбетте, қаламайды. Себебі, шы­найы Алла, нағыз патшалық басқаның бұйрығына бас имейді, өзгенің иненің жасуындай араласуын қала­майды. Ешбір ортақ пен серікті қабылдамайды.

4. Әл-Мухалафатул лил-хауадис.

Кейіннен пайда болғандарға еш ұқсамау деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат – Алла Тағаланың кейіннен жара­тылғандардың ешқайсысына мүлдем ұқсамайтындығын немесе ешбір нәрсенің Оған ұқсамайтындығын білдіретін сипат.

Алла Тағаладан өзге барлық нәрсенің, күллі жаратылыстың бастауы және соңы бар. Ұлы Жаратушыдан басқа­ның бәрі кейіннен пайда болған. Міне, Алла Тағала осы кейіннен пайда болғандардың ешқайсысына ұқсамайды. Әрі олардан бөлек, өзгеше. Сондықтан ғұламалар: «Ақылға, қиялымызға, ойлау кеңістігімізге қандай нәрсені пайымдасақ та Алла Тағала одан басқа, әрі өзгеше», – деп Хақ Тағаланың еш нәрсеге ұқсамайтындығына наза­рымызды аударған. Өйткені барлық нәрсе Алла тарапынан кейіннен жаратылған. Ал жаратылған нәрсе дене, түр, уақыт, мекен сияқты ерекшеліктерге тәуелді болғандықтан үнемі өзгереді, ауысады және бір-біріне ұқсайды. Со­ңында бәрі жоқтыққа, пәнилікке бас иеді.

Иә, жаратылғандар көптеген нәрсеге мұқтаж. Олар өз ерекшеліктеріне қарай туып-өсуге, заман мен мекенге, ішіп-жеуге, тоқтауға және қозғалысқа, отырып-тұруға, қуанып-қайғыруға, шаршауға, дем алуға мұқтаж. Ал Ұлы Алла Тағала бұлардың ешқайсысына мұқтаж емес. Керісінше, бәрі Оған мұқтаж. Өйткені жаратылыстың ешқай­сысы жоқ кезде де Ол бар еді. Өйткені Алла Тағаланың барлығының бастауы жоқ – әзәли, соңы жоқ – мәңгі. Алла Тағаланың еш теңдесі жоқ әрі шексіз болғандықтан біздер Оны толық түсіне алмаймыз. Себебі, біз кез кел­ген нәрсені көрген, білген нәрсемізге салыстыру арқылы ғана түсіне білеміз. Алла Тағала Құранда:

﴿ لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌُ﴾﴿وَلَمْ يَكُن لَّهُ كُفُواً أَحَدٌ﴾

«Оның еш ұқсасы жоқ».[2] «Оның еш теңдесі жоқ»[3] – дейді.

5. Қиям би нәфсиһи.

Бар болу үшін басқа біреуге мұқтаж болмау деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала бар болу үшін басқа бір жа­ратушыға яки, белгілі бір мекенге, арнайы бір уақытқа, жалпы себепке мұқтаж емес. Егер Алла да бар болуы үшін басқа бір себепке мұқтаж болса, жаратушы емес жаратылған болар еді. Ал Хақ Тағаланың жаратушы һәм жаратылған болуы ақылға теріс. Алланың бар болуы сырттан басқа бір күштің жаратуы арқылы емес. Өйткені Оның барлығының бастауы жоқ, яғни, кейіннен пайда болмаған − Әзәли.

Алла Тағала еш нәрсеге мұқтаж емес. Керісінше күллі жаратылыс Алла Тағалаға мұқтаж. Егер Алла Тағала мына ұшы-қиыры жоқ әлемнен бір мезет байланысын үзсе, күллі жаратылыс быт-шыт болып тарыдай шашылып, әлем­дегі жалпы жүйе бұзылар еді.

Алла Тағала «Фатыр» сүресінде былай дейді:

﴿ يَا أَيُّهَا النَّاسُ أَنتُمُ الْفُقَرَاء إِلَى اللَّهِ وَاللَّهُ هُوَ الْغَنِيُّالْحَمِيدُ﴾

«Ей, адамдар, Аллаға мұқтаж болған сендерсіңдер. Ал ешкімге мұқтаж емес, әрі күллі мақтауға лайық тек Алла ғана».

[1] Әнбия сүресі/22.

[2] Шура сүресі/11

[3] Ықылас сүресі/4.

Субути сипаттары

Алла Тағала – барлық кемел сипаттардың шынайы иесі. Ондағы барлық сипаттар шексіз және кейіннен пайда болмаған әрі соңы жоқ, мәңгі. Жаратылыстағы әсемдік пен сұлулық – Ұлы Жаратушының еш теңдессіз көркемді­гінің белгісі. Әр нәрседегі шеберлік – Оның теңдессіз шеберлігі мен құдіретінің дәлелі. Жаратылыстағы тіршілік – Оның тірі екендігінің нышаны. Ғаламдағы үлкенді-кішілі барлық тіршілік атаулының рызықпен қамтамасыз еті­луі – Оның «Раззақ» яғни, рызық беруші екендігінің айғағы. Адамға ілімді, қалауды, күш-қуатты, өмірді берген Ұлы Иеміздің ілімсіз, қалаусыз, құдіретсіз, тірі болмауы мүмкін емес.

Субути сипаттар сегіз. Олар мыналар:

1. Хаят.

«Тірі болу» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала тірі әрі тірілігі мәңгі. Әр нәрсеге, өлі топыраққа, жалпы жаратылысқа жан беріп, тіршілік иесі еткен Алла екені сөзсіз. Бұл сипат Ұлы Алладан бір мезет болса да ажыра­майды. Өйткені Оның кемелдігі тек қана мәңгі тірі болу арқылы жүзеге асады. Бұл сипатқа қарамақайшы мағына­дағы өлі болу – Алла Тағала үшін әсте мүмкін емес. Алла Тағаланың Тірі болу сипаты Ілім, Қалау, Құдірет және басқа сипаттарымен тікелей байланысты. Өйткені тірі болмағанның бір нәрсені білуден, қалаудан және жарату­дан мақұрым қалатыны айтпаса да түсінікті.

Ұлы Жаратушымыз тірі әрі мәңгі дедік. Себебі, жаратылыстағы кез келген жансыз нәрсенің өз-өзінен тіршілік иесі болуы мүмкін емес. Демек, Ұлы Жаратушымыз – барлық жан иелеріне рух беріп, тіршілік бетіне шығарған тіршіліктің шынайы иесі, әрі қайнар бұлағы.

«Фурқан» сүресінің 58-ші аятында:

﴿وَتَوَكَّلْعَلَى الْحَيِّ الَّذِي لَا يَمُوتُ﴾

«Мәңгілік өлмейтін тірі Аллаға тәуекел ет» — делінген.

2. Ілім.

Бұл сипат «білу» деген мағынаны білдіреді. Ұлы Алланың ілімі жаратылғандардың ілімі секілді таяз, шектеулі әрі кейіннен жиналған емес. Оның ілімі шексіз, еш құралды қажет етпейді және барлық нәрсені қамтитындай өл­шеусіз. Иә, Алла Тағала – әр нәрсені білуші. Ол жарияны білгені секілді құпияны да біледі. Жалпыны білгені секіл­ді жалқыны да біледі. Үлкенді білгені секілді кішіні де біледі. Барлық өткен заманды толық білгені секілді келе­шекті де біледі. Жердің астындағыны білгені сияқты көктегіні де біледі. Көзге көрінетінді білгені сияқты көрінбей жасырын көмес қалғанды да біледі. Барлық болып-кеткенді білгені тәрізді бүкіл болатынды да біледі. Себебі, оның ілімі кейіннен үйрену, оқу арқылы пайда болмаған. Оның ілімінің бастауы жоқ – әзәли. Міне, сондықтан Оның ілімі үшін үлкен мен кішіні, жария мен құпия арасында еш айырмашылық жоқ. Оның ілімінен ешбір нәрсе тыс қалмайды. Құранда:

﴿وَعِندَهُ مَفَاتِحُ الْغَيْبِ لاَ يَعْلَمُهَا إِلاَّ هُوَ وَيَعْلَمُ مَا فِيالْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَمَا تَسْقُطُ مِن وَرَقَةٍ إِلاَّ يَعْلَمُهَا وَلاَ حَبَّةٍفِي ظُلُمَاتِ الأَرْضِ وَلاَ رَطْبٍ وَلاَ يَابِسٍ إِلاَّ فِي كِتَابٍ مُّبِينٍ﴾

«Ғайб әлемінің (көместің) кілттері тек Оның құзырында. Оны Өзінен басқа ешкім білмейді. Және Ол жердегі, теңіздегі барлық нәрсені біледі. Тіпті бір жапырақ түссе де Ол міндетті түрде одан хабардар. Жердің қараңғы қабаттарындағы бір тал дән де, құрғақ және дымқыл барлық нәрсе де ашық кітапта бар»,[1] — делінеді.

Иә, Алланың ілімінен ешбір нәрсе тыс қалмайды, қалуы да мүмкін емес. Өйткені бүкіл нәрсені білмеген, олардың әрбір жағдайынан хабардар болмаған құдірет шынайы Алла бола алмайды. Осыншама тамаша да керемет мағы­налы әлемді, әлемдегі әрбір нәрсені жарата алмайды. Әр түрлі қажеттері бар сансыз жаратылғандарды басқа­руы да мүмкін емес. Мысалы, Алла Тағаланың барлық жас сәбилерге ананың қараңғы құрсағында ыңғайлы қоре­гін беріп, дүниеге келгеннен кейін қорегін өзгертіп, анасының омырауынан оған ең керекті витаминдерді қамты­ған ақ сүтті беруі – баланың қажетін, оған ненің керек, ненің керек емес екенін білетін шексіз ілімінің дәлелі болса керек. Баланың қажетін білмеген Алланың оған осы ең ыңғайлы қоректі беруі мүмкін бе?

Мына әлемдегі тамаша тәртіп пен ақау-кемшіліксіз жүйе, теңдессіз сұлулық пен көркемдік – Ұлы Алланың әр нәрсені қамтыған шексіз ілімінің белгісі әрі дәлелі.

Ұлы Алланың әр нәрсені білетініне бек сенген жан әрқашан әр қадамын байқап басып, әрбір істеген ісін абай­лап атқарады. Мұндай адамның аузынан ешқашан былапыт сөз шықпайды, ешбір адам үшін жаман ойлап, ешкім­ге зиянын тигізбейді. Ешкімнің ақысын жеп, зұлымдық жасап шектен шықпайды.

Өзінің әрбір ісін, әрбір қимыл-әрекетін, тіпті әрбір ойын біліп тұрған ілімі шексіз Аллаға иман келтіріп, жүрегіне бекем түйген жандар ешкім көре алмайтын таса жерде болса да, Оның бұйрықтарына қарсы шығып тыйымда­рын бұзбайды. Мұндай жандар Алланың жердегі әрі көктегі сүйікті құл тұғырына көтеріліп, адамдардың арасын­дағы ең сенімді тұлғаға айналады.

3. Сәмғ.

Алла Тағаланың көрмегі, естімегі
біз секілді көзбенен, құлақпенен емес.

Абай

Бұл сипат «есту» дегенді білдіреді. Ұлы Иеміздің естіп, білуі жаратылғандардікі сияқты шекті, нұқсан әрі себеп-құ­рал, дәнекерге мұқтаж емес. Иә, Алла Тағала әр нәрсені естіп біледі. Оның бір нәрсені естуі басқа нәрселерді ес­туіне бөгет емес. Өйткені Алланың бұл сипаты кейіннен пайда болмаған. Алла Тағаланың естуі жаратылғандар­дың естуіне мүлдем ұқсамайды. Себебі, жаратылғандардың естуі кейбір ағзалардың, құралдардың көмегі арқы­лы жүзеге асады. Ал Алла Тағала ешбір құралға, ешбір себепке тәуелді емес. Міне, сондықтан ең жасырын, ең құпия дыбыстар да Оның естуінен тыс қалмайды.

Алла Тағаланың өзіне жалбарынған құлдарының жасырын және құпия әр түрлі зікірлерін, дұға-мінәжаттарын қа­был етіп, хикметіне сай мұқтаждықтарын қамтамасыз етуі – Оның әр нәрсені толық еститіндігінің дәлелі.

Есту сипатына қарама-қайшы мағынадағы – естімеу, саңырау кемшілік болғандықтан, барлық кемел сипаттар­дың шынайы иесі, күллі нұқсан сипаттардан пәк Алла Тағала үшін мүмкін емес.

4. Басар.

Бұл сипат «көру» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала өзінің ұлылығына әрі шексіздігіне лайық дәрежеде кө­ру сипатымен сипатталады. Ұлы Алла Тағала әр нәрсені кемел түрде еш нәрсенің көмегінсіз, ешбір құрал-жаб­дықсыз біліп, еститіні секілді әр нәрсені еш кемшіліксіз, еш нәрсенің көмегінсіз көреді. Оның ілімі және естуі шексіз болғаны секілді көруі де шексіз. Оның бір нәрсені көруі басқа нәрселерді көруіне бөгет емес. Оның кө­руінен ең кішкентай атом да, басқа да тыс қалмайды. Оның назарында жасырын мен құпия, жарық пен қараңғы, алыс пен жақын, үлкен мен кішінің арасында ешбір айырмашылық жоқ. Құранда:

﴿إِنَّ اللَّهََيَعْلَمُ غَيْبَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَاللَّهُ بَصِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ﴾

«Еш күмәнсіз Алла көктегі және жердегі ғайыпты (көмес нәрселердің бәрін) біледі. (бұларды білген Алла) Әл­бетте, сендердің барлық істеп жатқан істеріңді көруде»,[2] — делінеді.

5. Ирадә.

Бұл сипат «қалау» деген мағынаны білдіреді. Ұлы Алланың қалауы әзәли және еш бөгетсіз. Қалағаны еш күмәнсіз орындалады. Қаламаған нәрсесін күллі әлем жиналып іске асырмақ болса да, жүзеге аспайды. Оның қалауына ешкім тосқауыл бола алмайды.

Жоқтықтан тіршілік әлеміне шығарылған сансыз жаратылыстың миллиондаған түр-тұрпат, түстерге бөлініп, әр түрдің өзіне тән ерекшеліктерге ие болуы – Оның еш бөгетсіз қалауының дәлелі. Мысалы, сансыз ағаштардың, миллиондаған гүлдердің, түрлі жеміс-жидек, жалпы өсімдіктердің бірдей сумен, бірдей топырақпен, бірдей ауа­мен, бір күннің жарық-жылуымен қоректенгендеріне қарамастан әр түрлі болып, сан алуан реңге боялуы, неше түрлі хош иіс, дәммен безенуі – Оның әзәли қалауының белгі-нышаны.

Жаппар Иеміз хикметіне орай қалағанын қалаған түрде, қалаған уақытында жаратады. Және қалағанын қалаған уақытта өзгертіп, қалаған уақытта жоқ етеді. Қалағанына байлық беріп, қалағанына кедейлік шапанын кигізеді. Қалағанының дәрежесін көтеріп, қалағанының абыройын айрандай төгіп, төмен түсіреді. Құранның тілімен айт­қанда:

﴿قُلِ اللَّهُمَّ مَالِكَ الْمُلْكِ تُؤْتِي الْمُلْكَمَنتَشَاء وَتَنزِعُ الْمُلْكَ مِمَّن تَشَاء وَتُعِزُّ مَن تَشَاءوَتُذِلُّ مَنتَشَاء بِيَدِكَ الْخَيْرُإِنَّكَ عَلَىَ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ﴾

«Ей, барлық мүліктің шынайы иесі – Алла Тағалам! Сен мүлікті қалағаныңа беріп, қалағаныңнан қайта ала­сың. Қалағаныңның мәртебесін көтеріп, қалағаныңды төмен түсіріп қорлайсың. Күллі ізгілік пен қайырлы іс­тер тек қана Сенің қолыңда. Әлбетте, сенің барлық нәрсеге құдіретің толық жетеді»[3], – деп айт.

6. Құдірет.

Бұл сипат «күш-қуат» деген мағынаны білдіреді. Ұлы Жаратушымыз – шексіз және мәңгі құдірет иесі. Қаласа күл­лі әлемді бір мезетте бар етіп, бір сәтте жоқ етеді. Оның құдіреті кейіннен пайда болмаған, яғни, бастауы жоқ әрі мәңгі. Оның шексіз құдіреті үшін кішкентай атомды жаратуымен сансыз галактикаларды, ондағы сансыз жұл­дыздарды жарату оңайлық жағынан бірдей. Сондықтан көк жүзіндегі барлық Күн, Ай, басқа да ұшы-қиыры жоқ жұлдыздар, жердегі жалпы жаратылыс – Оның құдіретіне бас иіп, еш ақау-кемшіліксіз мына таңғажайып үйле­сімді жүйені бұзбай әрекет етуде.

Алла Тағаланың шексіз құдіретін қабылдаған иманды адам Оның еш теңдессіз ұлылығының алдында бас иіп, тағ­зым етері сөзсіз. Құдіретіне тамсана таңғалып, рухы шат-шадыман болады. Оның қасиетті бұйрықтарын орын­дап, тыйымдарынан алыс болуға тырысып бағады. Бұл істерімен тек Оның ризалығын алуды мақсат етеді. Себебі бұндай түсінікке, иманға ие болған асыл жандар Раббыларының ризашылығына бөленген жағдайда, өзінің бар­лық арман-мұраттарына жететінін біледі. Себебі, тек Оның шексіз құдіреті ғана барлық тілектерін орындай ала­ды.

7. Кәлам.

Бұл сипат «сөйлеу» деген мағынаны білдіреді. Ұлы жаратушымыз Алла Тағала сөйлеу сипатына ежелден ие. Иә, Оның кәлам сипаты кейіннен пайда болмаған және әр түрлі әріп, дыбыстарға мұқтаж емес. Алла Тағала сөзін Өзінің ұлылығына лайық түрде періштелеріне естіртіп жеткізеді. Ұлы Жаратушымыздан түскен бүкіл кітаптар мен уахилер осы сипаттың дәлелі әрі жердегі көрінісі.

8. Тәкуин.

Бұл сипат жоқты бар етіп яки бар нәрседен екінші бір нәрсені жарату деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала барлық әлемді және қалаған нәрсесін кемшіліксіз хикметіне орай бар етіп жаратуы тікелей осы сипатқа байла­нысты. Әлемдегі сансыз әрі сан алуан жаратылыс – осы сипаттың айқын дәлелі. Алланың «кун!» яғни «бол!» де­ген бұйрығы арқылы кез келген нәрсе әпсәтте бар болады. Жүсіп Баласағұн Ұлы Жаратушының бұл сипатын мы­на бір жыр жолымен тамаша жеткізген:

Қалады да, жаратты бар болмысты,

«Бол!» – деді де, бірден бәрін болғызды.

[1] Әнғам сүресі/59.

[2] Хужурат сүресі/18.

[3] Әли Ғимран сүресі/26.

Неліктен?

Егер барлық нәрсе кездейсоқ пайда болса…

Неліктен жаратылыстағы барлық нәрсе ерекше керемет?

Неліктен жаратылыста ешбір ақау, кемшілік жоқ?

Неліктен ең озық аппараттар сүтті, балды жасай алмайды?

Неліктен ең дамыған қалалар ормандағы тазалыққа жете алмайды?