Перзенттің көзі тірі ата-анасының алдындағы 4 міндеті

09 Шілде 2017 0 comment Оқылды: 60 рет

Сөзіміз, іс-әрекетіміз және көзқарасымызбен ата-анамыздың өмірін жұмаққа айналдырсақ – перзенттік борышымызды өтеп, Аллаға шүкір еткен боламыз. Сонымен қатар, Ұлы Жаратушының разылығына кенелеміз. Ата-анамыздың көзі тірісінде орындайтын міндеттеріміз төмендегідей:

Ата-анамызға жиі барып тұру

Ата-анамыздың көзі тірісінде атқаратын ең маңызды міндеттеріміздің бірі – егер олардан бөлек тұратын болсақ,үйлеріне барып, хал-жағдайларын біліп тұру. Білім іздеп немесе жұмыс бабымен олардан бөлек тұруымыз мүмкін. Ондай жағдайда шамамыз келгенінше жиі-жиі ата-ананың жанынан табылып немесе үнемі телефонмен хабарласып, жағдайларын біліп тұрған абзал. Бала-шағасының жағдайын біліп, жақсы екенін естігенде олардың қарт жүректері лүпілдеп, қуанып қалады. Көңілі орнына түсіп, жаны жай табады. Ал олардың қуанышына себепші болу – Алла тағаланы қуантумен бірдей.

Ата-анаммен байланысты үзіп тастау – жәннаттан мақұрым қалудың бір себебі. Сонымен қатар, ата-анасына бұлай жасаған адамды айналасындағылар да құп көрмейді. Олармен байланысты үзудің жазасын Алла тағала пендесіне бұл дүниеде де, ақыретте де тарттырады.

Ата-анаға көмек

Ата-анамыздың көзі тірісінде оларға қолғабыс болып, қызмет ету, көңілдерінен шығу өте маңызды әрі діни тұрғыдан парыз. Осылайша қартайып, қаусаған шағында оларға жайлы өмір жағдайын жасаған боламыз. Мұндай ізгі әрекет жәннат қақпасының кілтін қолға түсіруге себеп болары анық. Оларға қызмет ету арқылы берекетті әрі қайырлы өмірге қол жеткіземіз. Мынаны естен шығармағанымыз абзал: Алла тағаланың разылығына жетелейтін жол – ата-ананың ризашылығына бөлену арқылы ашылады. Алла тағаланың азабы мен қаһарына ұшыраудың ең маңызды себептерінің бірі – ата-ананы жалғызсыратып қараусыз қалдыру. Ата-ана біз үшін Алла тағаланың аманаты болғандықтан, олардың көңілдеріне қаяу түсіріп, жүректерін жаралау – үлкен күнә. Мұндай адамдарға Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Олар орны толмас өкінішке ұрынып, опық жейді”, - деген ескерту жасайды.

Ата-анамыз басқа дінді ұстанса немесе дінсіз болса да оларға қызмет ету – міндетіміз. Олардың басқа дінді ұстануы ақысын аяққа таптауға себеп емес. Олардың нәпақасын тауып, материалдық көмегімізді көрсетіп, үйлеріне барып тұруымыз қажет.

Ата-ананы тыңдау

Ата-ананың дінге қайшы келмейтін тілектерінің бәрін орындауымыз керек. Тұрмыс-тіршілігімізде олармен ақылдасып, пікірлерін тыңдап, көңілдеріне қаяу түсірмегеніміз абзал. Егер ата-ана Алла тағаланың тыйым салған нәрселерін жасауды талап етсе, оны орындау міндетті емес. Себебі адам баласы үшін Алла тағаланың ақысы бірінші орында тұрады.

Сахаба Әнас ибн Мәлик Пайғабарымыздың (с.а.у.) бір күні сахабаларына Алла тағаларының Мұса пайғамбарға берген әмірлері жайлы әңгімелегенін баяндайды. “Ей, Мұса! Егер жер бетінде “Лә иләһә иллаллаһ” деп шәһадат сөзін (куәгерлік сөзін) айтатын адам болмаса, жер бетін тозаққа айналдырар едім. Ей, Мұса, жер бетінде Маған құлшылық жасайтын адам болмағанда, Маған қарсы келген адамдарға ешқандай мүмкіншілік берместен жерді жойып жіберер едім. Ей, Мұса, Маған иман етіп, жалғыз екенімді қабылдаған адам – Мен үшін жаратылыстардың ішіндегі ең сүйкімдісі. Ей, Мұса, ата-анасына қарсы келген перзенттің аузынан шығатын бір сөз бар. Ол сөз – егер жер бетіндегі бүкіл құм түйіршіктерімен өлшенсе, таразыны тең басатын ауыр сөз”. Сонда Мұса пайғамбар: “Уа, мені шексіз нығметке бөлеген мейірімді Раббым! Ол қандай сөз?” – деп сұрайды. Алла тағала: “Ата-анасы баласына бір нәрсені бұйырғанда баласының оларға “Жоқ” деп жауап беруі”, - дейді.

Ата-анасы бір нәрсені қаласа, баласы: “Айтсаңыз болды, орындаймын. Тағы басқа айтарыңыз бар ма?” – деп, айтқанын екі етпеуі керек. Керісінше, “Жоқ” деп, болымсыз түрде жауап беру – Алла тағаланың қаһарын тудыратын ең ауыр сөз.

Пайғабарымыз (с.а.у.) өзінің ата-анасына деген құрметін білдіру мақсатында былай дейді: “Егер ата-анам немесе екеуінің біреуі қазір тірі болғанда, мен құптан намазына тұрып, Фатиха сүресін оқи бастағанда, әкем мені “Мұхаммед” деп шақырса, мен дереу “Не бұйырасыз?” – дер едім”.

Саңлақ сахаба Әбу Һурайра (р.а.) бір күні жолда Әбу Ғассанның артынан әкесі келе жатыр екен. Әбу Һурайра арқасынан келе жатқан адамның кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан әкесі екенін айтқанда, Әбу Һурайра: “Сен дұрыс істемедің, Пайғамбарымыздың сүннетіне сай әрекет етпедің. Жолда жүрген кезіңде әкеңнің алдында жүрме. Әкеңнің артында немесе оң жағында жүр. Жүрген кезде әкең екеуіңнің орталарыңда басқа адамның жүруіне жол берме. Тамақ жеп отырғанда әкең жеп қалар деген ниетпен өзіңе ұнап отырған етке қол созба. Алдымен әкеңнің тамақ жеуін күт. Әкеңе ала көзіңмен қарап, көңіліне кірбің түсірме. Әкең отырмайынша сен де отырма. Әкең ұйықтамайынша сен де ұйықтама”, - деген өсиетін айтады.

Ата-анаға ізетті болу

Ата-ананың жүрегі әсіресе қартайған шағында нәзік шыныдай, көңілшек бола бастайды. Сондықтан олардың жан дүниесіне мән бере отырып, байқап сөйлеп, көңілдеріне кірбің түсіретін әрекеттерден аулақ болғанымыз жөн. Оларға үнемі сүйіспеншілік пен мейірімділік танытып, жұмсақ мінез көрсетіп, кішіпейіл болу керек.

Көзқарастарымыздың өзі көңілдеріне қаяу түсірмеуі керек. Ғұламалар ата-анаға ала көзбен қараудың өзін күнә санаған. Олардың жүзіне мейірім мен сүйіспеншілікпен қарауға құлшылық сауабы жазылады. Исра сүресі 23 және 24 аяттарда “...Оларға жекіме, оларға сыпайы сөйле” деп айтылғандай, оларға жекімей жылы сөйлеуге міндеттіміз.

Бірде Әун ибн Абдуллаһты анасы шақырған болатын. Ол анасына жауап берді. Бірақ байқаусызда дауысы көтеріңкі шығып кетеді. Осы әрекетіне іштей қынжылып, қателігін жуып шаю үшін екі құлды азат еткен екен.

Айша анамыз (р.а.) өмірінде ата-анасына ерекше көңіл бөліп қараған екі кісіні танығанын айтады. Олардың бірі – Пайғамбарымыздың күйеубаласы, үшінші халифа – Осман (р.а.), екіншісі – Хариса ибн Нұғман (р.а.).

Османның (р.а.): “Мұсылман болғалы бері анама дұрыстап көңіл бөле алмадым” деген сөздері – оның анасын қаншалықты құрмет тұтқанының белгісі. Яғни, анама қаншалықты құрмет көрсетуге тырыссам да жеткілікті бола қоймас, оның ақысын өтей алмаспын деген ниетпен айтқан еді.

Хариса ибн Нұғман болса, анасының тамағын өзі ішкізетін, басын да тазалап беретін. Тіпті анасының айтқандарын түсінбей қалған кездері одан қайталап сұрауға ұялып, шығып кеткен соң қасында болғандардан “анам не деді?” деп сұрайды екен.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз