×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 287

ПЕРЗЕНТТІҢ АТА – АНА АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

01 Oct 2015 0 comment Оқылды: 602 рет

     Кез – келген ата-ана перзент көрсе қуанатыны өмір шындығы.Әлбетте әрбір перзент ата-ана үшін бір бауыр еті болғандықтан олар үшін ата-анасы еш нәрсе аямайды. Сондықтан да Аллаһ Тағала осыларды білгендігінен, Құранда қай жерінде ғибадатқа бұйырған болса, сол ғибадатпен бірге ата-анаңды біл, ата-анаңа жақсылық қыл, ата-анаңды құрметте және ата-анаңа шүкір ет дейді.Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде:  «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеуліктен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның мен жақ». («Лұқман» сүресі, 14-ші аят):

  Сонымен қатар Құран Кәрімде тағы:«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңыды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе «түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне жекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхабат құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей, сен де оларды мәрхабатыңа бөлей көр!» - де». («Ісра» сүресі, 23-24-ші аяттар)      

Хақ Тағала «Аһкаф» сүресінің 15 аятында былай деп бұйырған:Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: "Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине мен бой ұсынушыларданмын" деді.

  «Раббың тек Өзіне ғана ғибадат етулеріңді және әке-шешелеріңе жақсылық етулеріңді әмір етті. Егер олардың бірі немесе екеуі де жаныңда қартайса оларға «уф» деуші болма, ауыр сөз айтпа, оларға сыпайы және жылы сөйле, оларға жанашыр бол, қарапайым бол. Ол екеуіне мейірімділік құшағыныңды жай да: “Йа Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымнан тәрбиелеп жетілдіргеніндей, сен де оларды рахымдылығыңа бөле!” деп дұға ет!»

    Хазреті Хасан Басри былай деген: «Бір ғалым адамның әке-шешесі кәпір болса, құдықтан су әкеліп беруі үшін оған мұқтаж болып, ол да бірнеше рет шелекпен су акеліп жүріп «уф» десе барлық амалдарының сауабы жоқ болады».Ғұламаларымыздың бірі, яғни Хасан Басридің «Хабарсыз қалғандарға насихаттар» деген кітабында ата-анасының алдында перзенттерінің 10 қарызы былай баян етіледі:

1. Егер олардың бірі тағамға мұқтаж болса, тамақтандыру. Яғни ата-анаға олар қартайғанда қолдарынан қаражат табу келмей қалғанда тамақ беріп тұру.

2. Ата-ананы киіндіру. Қысқы, жазғы киімдерін алып беріп, киіндіріп қою.

3. Егер екеуінің бірі перзенттің қызметіне мұқтаж болса, қызмет қылу, ауырып қалса, дәрігерге қарату. Ата-ананың денсаулығына көңіл бөлу.

4. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтады: «Ата-анасына мейірбан перзенттерге Аллаһ Тағала бір періштені түсіріп қояды екен. «Бұл пендем ата-анасының қызметінде жүр, сен бұл перзент үшін дұға қылып тұр»- деп.

5. Ата-ана шақырса «құп» деп бару, қызметіне дайын тұру, іске бұйырса орындау. Егер сіз намазда тұрғаныңызда ата-анаңыздың бірі шақырса, сүннет намазын оқып тұрған болсаңыз, намазды бұзып барасыз. Егер парыз намазын оқып тұрған болсаңыз, намазыңызды бұзбайсыз тек арадағы тәкбірлерін дауыстап айтып намаз оқып жатқаныңызды білдіріп қоясыз. Егер әкеңіз бен анаңыз бірдей шақырып қалса, әуелі анаңызға барасыз.

6. Егер бір іс бұйырса, орындайсыз. Егер күнә іс болса, істемейсіз.

7. Ата-анадан қал-жағдай сұрап тұру, жұмсақ сөйлеу. Жоғарыда айтып өткеніміздей Алла Тағала Құранда: «Ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе «Уф» деме» дейді. «Уф» деген сөзде өте көп мағына бар. Әлбетте адам зеріксе «уф» дейді, шаршаса да «уф», жаман иіс келсе де «уф» дейді.

8. Ата-анасын ренжітетіндей істерді істемеу, рұқсатынсыз ешқайда кетпеу.

9. Әкенің артынан жүру. Біздегі ең жақсы әдептің бірі әкенің алдынан жүріп өтпеу. Дастарханда отырғанда әкеден бұрын тамаққа қол созбау. Бұл да баланың мойнындағы міндет.

10. Өзің нені жақсы көрсең, ата-анаңызға да соны жақсы көр.

11.Ата-ана үшін Аллаһтан жарылқау тілеп, дұға ету тура өзіңе тілегендей. Алла Тағала Нұх сүресінде:

«Раббым! Мені, әке-шешемді, мүмін болып үйіме кірген кісіні және мүмін ерлер мен әйелдерді жарылқа!»

«Ибраһим» сүресінде көрсеткендей:

«Раббымыз! Есеп құрылатын күні мені, әке-шешемді жәнемүміндерді жарылқа!- деп дұға қылуымыз керек. Сондықтан болашағымызды, иманды, әдепті, ата-ананың қадірін білетін, жақсы перзент қылып тәрбиелеуіміз керек».

Алла Тағала ата-анамыздың разылығын алуды барлығымызға нәсіп етсін. Әмин!

                     Қаратал ауданының Бас имамы: Әбудардан Таласбай

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз