СҮНДЕТТЕЛУДІҢ ПАЙДАСЫ

24 Aug 2016 0 comment Оқылды: 175 рет

Тарихы

Сүндеттеу медицина ғалымында «циркумцизия» (лат. Circumcision – дөңгелете кесу) деп аталады. Оның тарихына қарасақ, б.э.д. 2500 жылдар ежелгі Мысыр елінде кең қолданылғандығын көреміз. Сүндеттелген перғауын бейнесі мен ересектеу екі баланы сүндетке отырғызу рәсімі көрсетілген папирус суреттерінің Каир мұражайында сақталғандығы – осының айғағы. Тіпті, ол көптеген Африка елдерінде де баланың есею нышаны ретінде қалыптасқан.

 Сүндеттеу қажет пе?

Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша ер адамдардың алтыдан бір бөлігі сүндетке отырады екен. Соңғы дерек бойынша, әсіресе, Солтүстік Америкада профилактикалық әрі гигиеналық мақсатта жас балалардың 90 пайызы сүндеттелген. Әлем тұрғындарының 1,3 миллиардын құрайтын мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу бүгінгі күні қалыпты үрдіске айналған. Сүндеттеуге викторияндық кезеңде көңіл бөле бастаған ағылшын тілді бұл елдерде ХХ ғасырдың алғашқы жартысында сүндетке отырғызу өте жоғары бағаланады. Алайда, сүндетті жақтаушылармен қатар Дэвид Голлахер секілді оған қарсы шығушылар да бар. Қарсы шығушылар, «сүндет мұсылмандар мен иаһудилерге ғана тән діни міндет, өзге дін өкілдеріне қатысы жоқ. Ол гигиена сақтау қиын соғатын ыстық аймақтарда қолданылған. Бүгінгідей гигиена сақтау мүмкіндігі жоғары кезде оның қажеті жоқ. Ол құмарлықты тежейді. Балаға ауыр тиеді» деген пікірлерді алға тартуда.

АҚШ-тың педиатрлық академиясы 1989 жылы осы мәселеге байланысты жаңа туған нәрестеге арналған ауыртпайтын әрі қауіпсіз препарат табылғандығын ресми мәлімдеді. Бүгінгі күні Вашингтонның Балалар емханасының медициналық орталығында ата-аналардың қолдауымен жаңа туған балаларға жасалатын барлық хирургиялық оталар кезінде ауруды басатын анастезия пайдаланылады. Сондай-ақ, бұл педиатрлық академия 1999 сүндеттің медициналық тұрғыдан пайдалы екендігін жариялаумен қатар, баланы сүндетке отырғызу-отырғызбау мәселесін ата-аналардың өздері шешкені мақұл деп тапты. Бұған қоса, сүндеттеуде қалыптасқан, діни, мәдени, эстетикалық көзқарастармен де санасу керектігін ескертті.

2000 жылғы баяндамасында Американың медициналық қауымдастығы () сүндеттеудің несеп-куық сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтындығын мәлімдеді.

Американың акушер және гинетикалық академиясы да педиатрлық академия мен медициналық қауымдастықтың мәлімдемелерін мақұлдап, сүндеттеуге ескіліктің сарқыншағы ретінде қарауға негіз жоқ екендігін жариялады.

Кеселден қорғаушы

Көптеген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің мынадай пайдалары бар екендігін дәлелдеді:

– Сүндеттелмегендерге қарағанда сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке анағұрлым аз шалдығады;

– Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойыншығының қатерлі ісікке шалдығу қаупі 6 есеге жоғары;

–  Жыныстық жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі сүндеттелмегендерде 8 есеге жоғары. Зерттеуші ғалымдар бұған қызықты дәлелдер келтірген. Айталық, балалардың небәрі 10 немесе 30 пайызы сүндеттелген Кения, Замбия сияқты елдерде жыныстық жұқпалы ауруға шалдыққандар жергілікті тұрғындардың төрттен бірін құраған. Ал, Бенин және Камерун секілді шамамен әр бала сүндеттелетін Африка елдерінде жұқпалы ауруға шалдыққандар тұтас алғанда 6-ақ пайыздан асқан. Аустриялық зерттеуші ғалымдар, тіптен үлкен жаңалық ашты. Олар «СПИД-ке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегендер» екендігін дәлелдеді. Өйткені, СПИД вирусы ең әуелі жыныс мүшесінің ұш қабатын зақымдайтын көрінеді. Егер ол тұз микрозақым алса, қауіп өте тез жүреді екен.

– Сексопатолгтар да сүндеттеудің қажеттігін мойындауда;

– Гигиеналық тұрғыдан бактериялогиялық, стафилококк (іріңді микроб), гонорей (жыныстың жіңішке ауруы) микробтарынан таза болу тұрғысынан сүндет жасау аса қажет. Оған қоса, смегмалардың (қорғаушы ақ түйіршіктер) қабынып, жараға айналмауына үлкен рөл атқарады.

– Сүндет фимоз (жыныс үрпісінің жиырылып ашылмай қалуы), парафимоз, баланит, баланопастит кеселдерінің алдын алады.

Сүндеттеу тәсілдері

Мыңдаған жылдардан бері құрал-саймандардың өзгергені секілді, сүндеттеу тәсілдері де уақыт талабына сай өзгеріп отырған. Сүндеттеу тәсілдерінің ең негізгілері мыналар:

– Еркін әдіс хирургтардың навокайн арқылы жансыздандырып, арнайы аспаппен сүндетке отырғызу, тамырлардың тігілуі. Мұны классикалық әдіс деп те атауға болады.

– Дәстүрлі әдіс: дін мамандарының өткір ұстарамен кесіп, жараға таза күлді кесемен төңкеріп жасайтын әдіс. Бұл – сүндеттеудің бұрынғы көп тараған түрі.

– Арнайы құрал пайдалану: сүндетке отырғызуға медицина мамандары араласқалы бері оған «Gomco Clamp» пен  «PlastiBell» секілді арнайы құралдар ойлап табылды. Алайда, балаға бір апта көлемінде тағылып, ұшын байлап, терінің өз бетінше түсіп қалуын қамтамасыз ететін бұл қыстырма құралдар аса тиімді деп есептелмейді. Бұдан бөлек, электр құралын пайдалану арқылы косметикалық әсермен қанатпай жасалатын басқа да сүндеттеу тәсілдері баршылық.

Иаһудилердегі сүндет

Көне заманда иаһудилер таңғы құлшылықтарын жасағаннан кейін барып, синагогта сүндеттеу рәсіміне кірісетін болған. Бұл күн оларға ерекше қуанышты синагог мерекесі саналған. Оны әдебиеттерінен де көруге болады. Кейінірек бұл дәстүр изрил қауымына тән 10 өкілдің қатысуымен жеке үйлерде де атқарыла бастады. Қазіргі уақытта сүндеттеуге тек раввиннің қатысуы жеткілікті саналады.

Мұсылмандардағы сүндет

 Ислам дінінде сүндеттеу өте үлкен мәнге ие. Өйткені, ол үмбет ретінде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың ісін қайталауға, яғни, сүннет амалын жасауға жатады. Дәлел –  Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі. Хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе; сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ алу аталған.

Сүндет той

Қазақ халқы мұсылмандықты тілінен бұрын діліне енгізген. Мысалы, отағасы ұл бала бес жасқа толысымен сүндетке отырғызуды өзіне міндет санаған. Бала туғанда жасалатын шілдехана, бесік тойдан кейінгі үлкен той осы – сүндет той. Ауқатты адамдар ондайда ат шаптырып, балуан күрестіріп, үлкен думан жасаған. Қазір де бұл дәстүріміз – жүздеген жылдардан тамыр тартып бүгінге жеткен, келешекке бет алған сүйікті мерекелеріміздің бірі.

Құдайберді БАҒАШАР

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз