×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 287

Алла елшісіне (ﷺ) сағыныш хаты!

11 Jan 2016 0 comment Оқылды: 241 рет

Жүректердің емшісі, көздердің нұры, күллі жаратылысқа рақым етіп қана жіберілген ардақты, иә, Мұхаммед Мұстафа (ﷺ), бұл үмбетіңіздің Өзіңізге деген сағыныш хаты!

Иә, Расулалла! Сіз мына дүниенің есігін ашпастан әкеңізден жетім қалып, алты жасыңызда анаңыздың аялы алақанының жылуынан да ажырадыңыз. Бірақ та, кеудеңізді тік ұстап, үмбетіңіз үшін арқалар жүгіңіздің одан да ауыр екендігін сол сәтіңізде-ақ сезінгендейсіз, иә, Пайғамбарым(ﷺ)!

Қырық жасқа жеткенде Пайғамбарлықтың міндеті жүктеліп, қараңғылықтың түндігін серпіп ашар ұлы Нұрды көшбастаушы еттіңіз. Ізіңізден ерген сахабаларыңыз да айсыз түнде жолаушыға бағыт берер темірқазықтай жарқырай білуді тек Сізден ғана үйренді, иә, Расулалла! Білем, бүгінгі үмбетіңіз біздер дәл ол кісілердей тар жол тайғақ кешуді бастарынан өткермеді. Бірақ-та, жүректеріндегі Өзіңізге деген махаббат пен сағыныш лебі күн өткен сайын ұлғаюда иә, ардақты Пайғамбарым (ﷺ)!

Иә, Ислам тарихындағы нәубетті сәттерде мүшріктердің қолынан қорланған талай мүміннің мойнынан құлдықтың қамытын ағытқан, әлемді өзгертуге себеп болған ұлы көште Сізге серік бола білген Әбу Бәкір еді. Бүгінде сол қайталанбас тұлғаға ұқсап мәрттігін көрсетіп, басы бәйгеге тігілсе де өткір тілмен осып түсер ақиқат шындығын айтып жүрген үмбеттеріңізде арамызда бар, иә, Расулалла (ﷺ)!

Ақиқат нұры алып сахараны нұрландыра түскенде мүшріктердің мүміндерге де өшпенділігі күн санап артып, олардың Мекке көшелерінде жүруі мұң болған сәтті де көрдіңіз иә, ардақты Пайғамбарым! Осы сынақты сәтте әлемдердің Раббысы жолдаған әрбір аяттарды оқу үшін әл-Арқамның үйі тұңғыш медресеге айналды. Қасиетті Кағбаның жанында намаз оқу арман болып, Сіздің сүйікті достарыңыз иләһи нұрға шомылу үшін түннің қараңғылығында ғана басқосатын да сәтті бастан өткердіңіз иә, пайғамбарым Мұхаммед Мұстафа (ﷺ) Бірақ-та, ақ пен қараның ажыратылып, Исламның қуатын паш ету үшін Өзіңізге серік етіп Омарды жіберді. Міне, бүгінде біздің арамызда қара қылды қақ жарған әділетті Омардың ізбасарлары да бар, иә, Расулалла!

Иә, пайғамбарым, Сенің жаныңда жүріп, шынайы ұялудың не екенін ұғынған Османдай досыңыздан тіпті Рахманның періштелері де ұялар еді. Қандай мәртебе! Иә, Расулалла, дәл Османдай бола алмаса да, Өзіңнен үлгі алған бүгінгі үмбеттеріңнің арасында да Ұлы Раббымыздан шынайы ұяла білетін, күнәлі істі жасау түгіл, ойына алудың өзіне дәті шыдамас мүміндер бар арамызда, иә, Пайғамбарым!

Уа Расулуллаһ (ﷺ)! Сіз пайғамбарлық жолында көптеген машақат көрдіңіз. Пайғамбарлығыңыз себебінен жақын туыстарыңыз қас жауыңызға айналды. Сізді «сенімді Мұхаммад» деген жұртыңыз сізге алакөз болды. Тіпті пайғамбарлығыңызды доғарту мақсатында сіздің жаныңызды алуды көксегендер болды. Бірақ олар Алла Тағаланың қалауына қарсы дәрменсіз еді.

Уа Расулуллаһ (ﷺ)! Сізді хақ жолдан айныту үшін кәпірлер түрлі айла жасады, сізге патшалық, дәулет әйел ұсынып азғыруды қалады. Алайда, мұның ешбірі де сізді адастыра алмады. Сіз: «Тіпті оң қолыма күн, сол қолыма ай ұстатсаңдар да, мен бұл жолдан қайтпаймын. Хақ Тағала маған жүктеген ісін соңына дейін жеткіземін. Сол үшін жаным пида»-деп табандылық білдірдіңіз.

Уа Расулуллаһ (ﷺ)! Сіз адамзат тарихындағы ең ұлық ұстазсыз. Себебі, сіз адамзатқа бүкіл тіршілік қағидаларын және Жаратушы Иенің разылығына лайық болу жолын үйреттіңіз. Мұсылмандарға шариғаттың кемелдігін жеткізіп, оларға тіпті аяқ-киім бауын қалай байлау керектігін үйреттіңіз. Адал мен арамның арасын айырып бердіңіз.

Уа Расулуллаһ (ﷺ)! Сіз әлемдегі ең бірінші мешіттің имамы болдыңыз. Сонда бес уақыт намаз оқып, сахабаларыңызға уағыз-насихат айтып, оларға дін қағидаларын үйреттіңіз. Сіз мешітте сөйлегенде олар бұл әлемнен шығып кетер еді. Сіз жыласаңыз жылап, күлсеңіз күлер еді. Жәннат жайында айтқаныңызда пейішке кіргендей, ал дозақ туралы айтқаныңызда дәл соның тұсында тұрғандай болатын.

Уа Расулуллаһ (ﷺ)! Бұл дүниеде сіздей адал насихатшы болуы мүмкін емес. Сахабалар сізді жақсы көргені соншалық, сізбен сұхбаттасу мақсатында, тіпті болмашы дүниені ісі жайында сізден ақыл сұрайтын. Себебі, сіздің: «Насихат сұраған бауырына дұрыс ақыл бермеген мұсылман оған қиянат еткен болады»-деген сөзі олардың жүрегінде еді.

Уа Расулуллаһ (ﷺ)! Дүниеде сіздей әділ қазы болмайды. Себебі, сіздің қазылығыңызға тіпті қас-дұшпанарыңыздың өзі тәнті болып, сізден дауларын шешіп беруін өтінетін.

Уа Расулуллаһ (ﷺ)! Сіз жау жүрек едіңіз. Омар, Әли, Халид ибн Уалид т.б. көптеген сахабаларыңыз өзіңіздің ерлік мектебінің шәкірттері емес пе?!

Уа Расулуллаһ (ﷺ)! Сіздің алдыңызда айыптымыз. Себебі, өзімізді үммет дей тұрып көп жағдайда Сіздің сүннетіңізді орындамаймыз. Сіздің өсиет-насихаттарыңызды елемейміз. Сізден гөрі қайдағы дінсіз тұлғаларды жақсырақ танимыз. Бұл әрине Сізді қапаландырары ақиқат. Міне, сондықтан Пайғамбарым біздер мына залда отырған жүректерінде Сізге деген сағыныш лебі шарпыған барша үмбеттеріңіз бүгіннен бастап Сіздің өміріңізбен толықтай танысып, ұрпақтарына тәлімі телегей теңіз іспетті тәрбиелі де, өнегелі өмір жолыңызды үйрететін болады. Біз осылай уәде береміз, иә, Расулалла!

Иә, Расулалла! Сағындық сені! Өзіңізге деген сағыныш хатымыздың соңғы сөзін: «Иә, Алла Тағалам, біздердің баршамызды ақырет бағында ардақты Пайғамбарымыздың жанынан жай табуымызды тағдыр ет», - деп тәмамдаймыз. Әмин!

muftyat.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз