×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 287

Пайғамбарымыздың ﷺ бір түсі

22 Dec 2015 0 comment Оқылды: 259 рет

Пайғамбарлардың өмірі ғажапқа толы болып келеді емес пе?! Олардың көрген түстері де мағынасымен ерекшеленеді. Алла Тағала оларға кейбір түсті күні бұрыннан көрсеткенмен хикметін кейін уақыты жеткенде аңдатқан.

Деректердің бірінде Расулалланың бір ерекшелеу түс көргені келтіріледі. Түсінде жұмаққа кіргенін әрі жұмақ бақшасында өзіне ұнамды бір құрма ағашы өсіп тұрғанын көреді. «Бұл кімдікі?» деп сұрағаны сол екен, «Әбу Жаһилдікі» деген жауап естіледі. Расулалланың көңілі тұнжырап, іштей: «Жұмақта қалай Әбу Жаһилдің құрма ағашы болады, ол өзі жұмаққа маңайлай алмайтын адам емес пе?!» дейді.  

Рас, Әбу Жаһил исламды жөргегінде тұншықтыруға барын салған құрайыш жуандарының бірі еді. Әлсіз мұсылмандарды тепкінің астына алып, қоқан лоққы көрсететін. Абыройлы мұсылмандарға жала жаба салу да оған түк емес еді. Тіпті ардақты елшінің өзін өлтіруге талай рет оқталған. Бір жолы расулалла сәждеге бас қойған кезінде, таспен басынан ұруға әрекеттенген. Бірақ әлдебір кедергіге тап болады. Бәдір шайқасына жұртты айтақтағандардың бірі осы Әбу Жаһил еді. Мүшріктерді соғысқа шақырып: «Көрсетейік о немелерге Лат пен Манат пұттарынан бас тартқан қалай екен?» - деп, әйтеуір мұсылмандарды келекелеп жүрмесе басы ауыратын. Ақыр соңында осы бір мұсылмандардың ата жауы Бәдір шайқасында жер құшты. Хазірет пайғамбар оны «Осы үмбеттің перғауыны, жуан кәпірлердің басшысы» деп атап, өлген кезінде Аллаға шүкіршілік еткен.    

Айтқандай осы Әбу Жаһилдің Икрима атты ұлы бар еді. Ол да исламға дәл әкесіндей жауығып, мұсылмандарды көрсе болды тап тап беретін. Бәдір шайқасында әкесімен бірге соғысты. Мүшріктер оны мықты атты әскерлердің қатарында танитын. «Бізден бір кісі аман тұрса, Мұхаммед аяғын аттап Меккеге беттей алмайды» деп көкірек соғатындардың бірі еді.  Мекке азат етілгенде, бас сауғалап қашып кетті. Мұсылмандар оны тигізген зияны үшін қатаң жазаға да кесті. Икриманың әйелі Үмму Хаким болса, бірқатар әйелдер қатарында исламды қабылдады. Хазірет Пайғамбарға келіп күйеуі Икриманың қорқып Йеменге қашып кеткенін, оған кешірім жасауын өтінді. Расулалла бұл әйелдің сөзін жерге тастамады. Кешірім берді. Үмму Хаким қуанып, күйеуіне осы қуанышты хабарды айтып, ертіп келу үшін көп ұзамай жолға шықты. Икриманы бір теңіздің жағалауында кемеге мінгелі жатқан жерінен тапты.

Екеуара біраз әңгімелескеннен кейін әйелі былай деді: «Әй, Икрима! Мен туыстарды сыйлайтын, олардың құқын аяқасты етпейтін ең жақсы адамның қасынан келе жатырмын. Сонша табаныңнан тозып қайтесің. Сені Расулалла кешірді, жүр енді, елге қайтайық». Сөйтіп екеуі Меккеге қайтты.

Меккеге жақындаған кезде Пайғамбарымыз сахабаларына: «Әбу Жаһилдің ұлы Икрима исламды қабылдап, мұһажир кейіпте араларыңа келе жатыр. Әкесін тілдеп жүрмеңдер, өлгенді сөксеңдер тірінің көңіліне келеді» деді. Икрима шатырдан ішке бас сұққанда, Расулалла орнынан түрегеліп оған құшақ жайды. Құшақтап тұрып: «Қош келді, сәйгүлік мінген батырым, мұһажирым. Өзі де сен секілді ақылды жанға тек мұсылман болу жарасады» деді. Икрима сол жерде тілін тағы да кәлимаға келтіріп мұсылман болды. Көңілі толқып тұрып: «Расында, бізді жақсылық пен ақиқатқа үндеудесіз. Сіз өзі пайғамбарлық келмей тұрып та арамыздағы ең дұрыс, тура сөзді, опалы жан едіңіз», - деп ағынан жарылды. Расулалла бұндай мақтау сөзді естігенде, ұялып басын төмен салды.

Осыдан кейін-ақ Икрима күрт өзгерді. Хазірет Пайғамбарға: «Бұрындары сізге көп жамандық жасадым. Мен үшін Алладан кешірім тілеңізші» деді. Расулалла оған кешірім тіледі. Икрима қуанып: «Уа, расулалла, бұрынғы жамандықтарымның орнына мұсылмандарға енді екі есе жақсылық жасауға шын бекіндім» деді.

Исламды қабылдағаннан кейін Икрима Меккедегі құрайыштықтардың бірінің үйінде пұт бар екен дегенді естісе болды, тез барып сол пұттың көзін құртатын. Ал шынтуайтында өзі исламға дейінгі уақытта пұт жасап сататындардың бірі еді. Қолына Құранды алып, сүйіп тұрып «Жаратқан иемнің сөзі, кітабы» деп жылайтын.

Икрима әсіресе Ридда соғыстарында қатты белсенділік танытты. Оны көргендер: «Әй, өзіңе кішкене жанашырлықпен қарасаңшы» дегенде: «Лат пен Манат пұттары үшін өліп кете жаздап соғысқанда жанымды аямаған мен Алла мен елшісінің жолында енді аянып қалады деп пе едіңдер?! Жоқ, менен ондайды күтпеңдер!» - деп жауап қатқан еді қасқайып.

Жаяу ұрыс салғанын байқап қалған Халид ибн Уәлид: «Икрима, бұлай істеме. Сені өліп кетсең, мұсылмандарға ауыр тиеді» дегенде, ол: «Әй, Халид, жолыма бөгет болма! Өткен өміріңде сенің анау айтқандай Расулалламен өте бір жауыздығың болмады. Ал біздің, әкем екеуміз оған жауыздықта тым қатігез едік» деген. Соңында ұлы Амр екеуі шейіт болды.

Жоғарыда сөз етілген түске келейік. Хазірет Пайғамбар түсінде жұмақта Әбу Жаһилге тән құрма ағашын көргенде, алғашында оған пәлендей мағына бере алмаған болатын. Әбу Жаһилдің ұлы Икрима мұсылман болғанда, қуанып Үмму Сәлама анамызға: «Әй, Үмму Сәлама, Әбу Жаһилдің жұмақтағы құрма ағашы міне осы» деді. Жүсіп пайғамбардың түсі секілді күні бұрыннан көрген ғажап түс Икриманың исламды қабылдауымен өз өзінен түсінікті болды. Иә, аятта айтылғандай: «Алла тіріден өліні шығарады, өліні тіріден шығарады» (Рум сүресі, 19). Әбу Жаһил рухани тұрғыдан семген, өліп қалған жағдайда еді, ет жүрегі еш тіршілік белгісін байқатпастан өліп кетті. Өле өлгенше күпірлігінен танбады. Ал ұлы Икрима болса, біршама уақыт рухани өлі жағдайды бастан кешті, бірақ ол мына бір аятқа құлақ асып барып тірілді: «Әй, иман еткендер, пайғамбар сендерді өздеріңе өмір сыйлайтын нәрселерге  шақырғанда, Алланың және елшісінің үндеуіне құлақ асыңдар!» (Әнфал сүресі, 24).

Түсте құрма ағашын көру береке ретінде жорылады. Ол ағаштың жұмақта көрілуі болса, шексіз нығмет пен ризықты білдіреді.


Алдаберген Үсен

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз