×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 287

Шайтанның уәсуәсасы

16 Aug 2015 0 comment Оқылды: 500 рет

Өзі де ойламған жерден иман айтып, Исламға аяқ астынан кірген Хазіреті Хамза үйіне келген соң болған жайды көз алдынан өткеріп, аң-таң. Шүбәлі ой санасын иектеп, шайтанның уәсуәсасына бой алдырды:

“Сен ғой құрайыштың аузын айға білеген мықтысы едің. Дінінен шыққан Мұхаммедті (с.а.у.) жақтап, сонша өзеурегенің не қылғаның? Осының дұрыс па енді?”

Күмәнді пікірден арыла алмаған Хазіреті Хамза лезде Қағбаның жанына қалай жетіп барғанын өзі де аңдамай қалады. Көкке қол жайып дұға жасай бастайды:

“Ей, баршаны өзіне телмірткен Құдірет! Егер ұстанған бағытым дұрыс болса жүрегіммен сезінуді жазғайсың. Миымды шырмауықтай шырмаған шайтанның түртпегі болса, одан жылдам құтқарғайсың”, – деді ол жалбарынып.

Ертеңіне таңертең ардақты Пайғамбарымызға барып басынан кешкендерін тәптіштеп айтып береді. Хазіреті Мұхаммед  (с.а.у.) Исламның әсемдігін айтып, насихаттайды.

Шын ықыласпен баяндалған насихатқа ден қойған Хазіреті Хамза:

“Сенің турашылдығыңа тәнті болдым, дініңнің хақтығын тіліңнің тәттілігімен үйлестіре білдің. Айт, айта түс, бауырым, өсиетің тамыр-тамырымды қуалап, қайта тірілгендей әсер алдым”, - деді.

Хамза сынды көпшілік қадірлейтін тұлғаның мұсылмандыққа бас июі Хазіреті Мұхаммед пен мұсылмандарға қуаныш сыйласа, мүшріктердің қаупін арттыра түсті… Қаныпезерлер жаңа мұсылман Хамзадан именіп, Расулаллаhқа бұрынғыдай қиянат жасай алмайтын болады.

Иман нұры шартарапқа жарық шашып, саналар сәулеленіп, Құран дәрістері көбейіп, мүшріктер шындап шошына бастады.

Хазіреті Хамзаның да кездейсоқ оқиғаның әсерімен мұсылмандар жағына өтіп кетуі пұтты дәріптеушілерді жынынан айрылған бақсыдай есеңгіретіп кетті… Көздерін шел басқан, кеуделерін шер басқан мүшріктер бейшаралықтарын мойындағысы келмей, қасарысып маңғаз көрінуге тырысты. Мұсылмандарды аяқтан шалудың иыр-шиыр жолдарын қарастырып, жаңа жобаларымен бастарын қатырды.

Бір күні құрайыш мүшріктерінің басшысы Утба ибн Раби’а сөз тыңдайтындарын жинап алып:

“Ей, құрайыштар! Мұхаммедпен (с.а.у.) оңаша кездесіп, сөйлессем қалай болар екен?! Ұсыныстарымды да ашық айтармын. Бәлкім, ол қабыл етер. Оның да кейбір тілектерін орындасақ, ойланып, уағызынан баз кешер”,- деп пікір айтты.

Шаралары таусылған құрайыш кеңесі мұны да сынап көруге бел байлады.

Көппен ақылдасқан Утба Қағбада Харам мешітінде отырған Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) жанына барып сөзін былайша сабақтады:

“Ей, бауырым Мұхаммед (с.а.у.)! Сен біздің арамызда тектілігіңмен ерекшеленесің. Оған таласымыз жоқ. Мәртебең биік, мерейің үстем екендігіне де ешкім  шәк келтірмейді. Бірақ солай бола тұра қауымыңның басына бәлелі іс таптың. Істеген ісіңмен сүттей ұйып отырған бірлігімізді бұзып, ақылсыз деп шығардың. Халқыңның ғасырлардан жалғасын тауып келе жатқан Тәңірісін, нанымын жоққа шығардың. Ата-бабаларыңды күпірлік батпағында деп айыптадың.

Сөзіме құлақ асар болсаң, жанашыр ниетпен айтарым бар. Ұсыныстарымды жақсылап тыңда, бәлкім, көңіліңе жағатыны болар.”

Сүйікті Пайғамбарымыз:

“Құлағым сенде, айта бер, ей, Уәлидтің әкесі!” - деді.

Утба  сол рұқсатты күтіп тұрған, тізе жөнелді:

“Егер сенің мақсатың - баю болса, бәріміз жабылып дүние-мүлкімізден үлес айырып берейік, ең дәулеттіміз  сен-ақ бол.

Ал, егер сый-сияпат іздеп жүрген болсаң сені басшы тағайындайық.

Неге ұшырағаныңды түсінбей жүрген болсаң шошынған шығарсың бойыңды үрей жайлаған шығар. Тәуіпке көрсетіп емдетейік. Жын-шайтанның уысына  беріп қарап отыра алмаспыз, шығынды көп болып өзіміз көтерейік”,- деп сөзін аяқтады.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.):

“Тағы айтарың  бар ма?”- деп  сұрады.

“Жоқ”,-деді Утба.

“Олай болса, енді сен мені тыңда”,-деп Расулаллаh Фуссилат сүресін (1-36-аяттарын) барынша мақамдап оқи жөнелді:

“Ха Мим…

Бұл Құран рахман, рахим (Аллаh) тарапынан түсірілген.

Түсінетін адам үшін аяттары анықталып, түсіндірілген арабша бір кітап.

Жәннат жайын баяндап сүйінші хабар береді, әрі жәһаннам азабымен қорқытады… Бірақ олардың  (Мекке кәпірлерінің)  көбісі (Құранға) сенбей, бас тартты. Олар ендігі жерде хаққа құлақ та салмайды…”

Сүрені сәжде аятына дейін оқып, сәждеге жығылған соң пайғамбарымыз Утбаға қарап:

 “Оқығандарымды мұқият тыңдаған болсаң, арғы жағын ішің білсін”, - деді.

 Құранның әуезділігі, мағынасының тереңдігі Утбаға төбесінен жай түскендей әсер етіп, жүзі нұрланып сала берді. Расулаллаhтың қасынан шығып, Қағбаға қарай аяңдағанда оны тағатсыздана тосып тұрғандар өңіндегі өзгерісті сезбей қалмады.

 “Анаған қараңдар, бір түрлі жүзіне нұр толып, құлпырып кетіпті”,- деп шуласты. Іштері бір “бәленің” болғанын сезсе де “жамандыққа” жоруға асықпай өзінің келуін күтті.

Утба жолдастарына жақын келіп:

“Уа, жарандар, мен өмірімде естімеген керемет бір кәламға куә болдым. Мені тыңдасаңдар, Мұхаммедті (с.а.у.) қудалауды доғарыңдар.

Оның оқығандары өлең де емес, сәуегейдің сөзіне де, сиқыршының арбауына да ұқсамайды. Мүлде бөтен, ғаламат әуен.

Ант ішіп айтамын, оның айтқандары тылсымға толы, аңдамай амалдап қателікке ұрынып жүрмейік. Бізден басқа да арабтар бар ғой, солар-ақ із кессін. Егер ол арабтардан басым түссе, оның жеңісі – сіз  бен біздің жеңісіміз болады емес пе?! Соның арқасында бағымыз ашылып, құрметке бөленуіміз де ғажап емес”, - деді.

Утбаның жаңалығы құрайыштарға ұнаған жоқ.

“Сен де дуаланып, сиқырға елтіп қалыпсың ғой, сенгеніміз – сен болсаң…”,- деп қолдарын бір-ақ сілтеді.

Утба да сөзін тыңдата алмағаннан кейін:

“Ендеше, өздерің біліңдер, менен жауапкершілік кетті”,- дейді.

Мүшріктер жығылған үстіне жұдырық жеп, Исламның ғаламдық ақиқаты алдында дәрмендері түгесілді. Ойластырған қулықтары айналып маңдайларына таяқ боп тиді.

Өйткені Аллаh Тағаланың:

“Мен кәпірлер мен мүшріктер қаламаса да нұрымды тәмамдаймын” деген анты бар-ды… 

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз