×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 287

ХАБАШСТАНҒА ХИЖРЕТ

10 Aug 2015 0 comment Оқылды: 503 рет

  Хазіреті Мұхаммедке пайғамбарлық түскелі де бес жыл өткен…

Милади 615-жылдың рәжәп айы…

Мүшріктер Меккеде ойран салып, мұсылмандарға көрсетпегендері қалмаған. Айуандық, зорлық-зомбылық өршіген үстіне өрши түскен. Қала қапасқа айналған. Діни ғибадаттарды орындамақ тұрмақ, сеніміңді айту жан түршіктірерлік азапқа айналған. Кәпірлер иланбағанымен қоймай, ауыздарына келгенін тантып, шектен шыққан. Бетімен кеткен айуандықты ауыздықтап, надандықты тұсаулау мүмкін еместей.

Шиеленіскен мәселенің шешімін іздеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей шарқ ұрған Аллаh Расулы бір күні мұсылмандарға:

“Сіздер жер жүзіне таралыңыздар, Аллаh Тағала қаласа, бастарыңды қайта қосады”, – деп бұйырады.

Сахабалар оқыс бұйрықты ала салысымен:

“Қай бағытқа жылжығанымыз мақұл?” - деп сұрайды. Хазіреті Мұхаммед сұқ саусағымен Хабашстан (Эфиопия) жақты нұсқап:

“Хабашстанға барғандарыңыз жөн. Ол елдің билеушісі пана іздеп барғанға қорған. Адалдық үстемдік еткен ел. Аллаh сіздерге жар болып, көңіліңіз жайланады деп сенемін”, - дейді.

Расулаллаһтың осы ұсыныс-әміріне мойынсұнған бес әйел, он еркектен құралған тұңғыш мұсылмандар тобы дінін, қасиетті сенімін сақтау ниетімен елін-жерін, туған-туыс, әке-шешесін тастап шалғай елге сапар шекті. Әрине, бәрі құпия түрде жүзеге асырылды… Қызыл теңіз жолымен Хабашстанға жетіп, ел билеушісі тарапынан жылы лебіз естіп пана тапқан алғашқы киелі көшке қосылғандар мыналар:

Хазіреті Осман мен әйелі Рyққия, Зүбәйір ибн Аууам, Әбу Хузайфа ибн Утба мен әйелі Сәхла, Мус’аб ибн Умайр, Абдурахман ибн Ауф, Әбу Сәлама мен зайыбы Үммү Сәлама, Осман ибн Мазун (көш басшысы), Амир ибн Раби’а мен зайыбы Ләйла, Суһайл ибн Бәйда, Әбу Сәбра ибн Әбу Рухм және зайыбы Үммү Гүлсім.

Хазіреті Осман қасына жары Хазіреті Руққияны алып, елден бұрын жолға жиналған-ды. Мұны естіген Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.):

“Лұт пайғамбардан соң әйелімен бірге  Аллаh жолында ел-жұртын тастай көшкен екінші адам – Осман” ,– деген.

Пайғамбарлар пайғамбарының Хабаш өлкесін таңдауының да өзіндік себептері бар-тын… Біріншіден, меккеліктер ол жердің жайын жақсы білетін. Бұрыннан сауда байланыстары мықты.

Екіншіден, хабаш елінің билеушісі қара қылды қақ жарған әділдігімен аты шыққан жан. Өзін паналап барған, жазықсыз жапа шеккендерді кері қайтармайтыны анық…

Тағы бір себеп, хабаштықтардың христиан дінін ұстанған, яғни Аллаһ Тағаладан түскен діннің өкілдері болуларына  байланысты. Аллаh Тағаладан түскен дінге сенгендіктен, ештеңеге сенбейтін не ойдан шығарылған соқыр сенімдегі мүшріктерден өзгеше болуы заңды да…

Иә, сөйтіп мұсылмандарды Хабашстан басшысы да, қарапайым халық та аса зор ілтипатпен қарсы алады. Жат жерде жақындық көріп, бірден орналасып сіңісіп кеткен олар ғибадат-тағаттарын да емін-еркін орындап, тұрмыстарын түзейді. Бұл жайлы өздері де:

“Біз бұл жерде қысым атаулыны ұмыттық. Тату-тәтті көршілік, наным-сенімімізге құрмет көрдік. Азарлап, жағымсыз сөз айтып, ауырсынған ешкім жоқ. Раббымызға ынта-ықыласымызбен ғибадат еттік”,- деген.

Расында да көш мәселесінде Расулаллаһтың басқа жерді емес, Хабашстанды таңдауының өзі тылсымға толы. Мүшрік пұтқа табынушылардың бір мұсылманмен рухани тұрғыдан жақындасуы мүмкін емес. Ал, христиандар кітап иелері болғандықтан көп мәселеде мұсылмандармен ортақ көзқарасты, ортақ нанымды бөліседі. Хабашстан халқының алыс мекеннен хижрет еткен мұсылмандарды қошаметтеп, сыйлап қарсы алуы – осының бұлтартпас айғағы.

Сондай-ақ, хижрет арқылы Ислам діні шартарапқа жайыла бастады. Әлбетте, мұны сезген кәпірлер де мәселеге бейжайлық танытпасы анық. Жолдың қашықтығын, жердің шалғайлығын елең де қылмастан мүшріктер жырақ елде де олардың тынышын алуды жоспарлады.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз