×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 287

ХAЗІPETІ ӘБУ БӘКІРГЕ ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ

01 Aug 2015 0 comment Оқылды: 540 рет

Расулаллаһ бір күні Дарул-Әркамда бір топ сахабамен сұхбаттасып отырады. Араларында пайғамбардың садық досы Хазіреті Әбу Бәкір де бар. Ислам жолында өз бастарын құрбандыққа тігуге даяр шәкірттер тәухидті, Аллаhтың бірлігін жалпы жұртқа жариялауға асыққан. Хазіреті  Мұхаммед (с.а.у.) әр нәрсенің уақыты толып, мерзімі болатынын айтып, абай болуға шақырып:

“Әлі санымыз аз, қатарымызды көбейтіп алайық”- десе де муминдер өздері татқан иман ләззатын өзгелерге жеткізуге асықты.

Мұхаммед  (с.а.у.) достарының тілегін жерге тастамай, топ болып Харам мешітіне баруға келісім берді. Мұсылмандар мешітке келгенде бір топ мүшрік те сонда отырған.

Алқа-қотан отырып, жайғасқан соң Хазіреті  Әбу Бәкір аптыққан көңілін ауыздықтай алмай кәпірлерге қарап, Аллаhқа иланудың қажеттілігін, иманның қасиеттілігін, пайғамбарға сенудің, оған ерудің жемістілігін, пұттарға табынудың адасушылық екенін айтып жар салды… Онсыз да тиісерге қара таппай кіжініп отырған мүшріктер Хазіреті  Әбу Бәкірге бас салып, әп-сәтте қан жоса қылды. Өз руының бірнеше жігіті араласпағанда мүрдем кетер ме еді?..

Темір тақаларымен аямай тепкілеп, қолдарына түскен нәрсемен аяусыз төмпештеген соң не жаны қалсын, Хазіреті  Әбу Бәкір сол жерде талып қалады.

Үйіне көтеріп әкеліп жатқызған соң да жанашырлары жанынан шықпай бәйек болады. Кешке дейін тілге келмеген ол күн батқан шақта тіршіліктің белгісін байқатып, көзін ашты.

Әрбір қимылын қалт жібермей қадағалап, басында күзетіп отырған жолдастарының қөздері күлімдеп, бір-біріне қарасты. Оның бірінші сұрағаны:

“Расулаллаh аман ба? Мүшріктер оған тіл тигізіп еді ғой”,- болды.

Иә, қанша қиналып жатса да Хазіреті  Әбу Бәкір дініне беріктіктің, достыққа адалдықтың ұлы өнегесін көрсетті. Өзінің не халде екенімен шаруасы жоқ, ыңырсып, ыңқылдап жатып екі жиһан сұлтаны – Мұхаммедті (с.а.у.) уайымдап, көзімен көргенше жаны жай таппады.

“Ау, таң атқалы нәр татпадың, ең болмаса су ұрттасаңшы”,- деп құрақ ұшқан анасына:

“Жаным анашым, сенен бір өтінішім бар, Хаттабтың қызы Үммү Жәмілге барып, Хазіреті  Мұхаммед (с.а.у.) туралы сұрап білсе” қайтеді? Соның саулығын естігенше тыным табар емеспін. Бұл күйде тамақ та батпас, ішкенім ірің болар”,- деді қинала сөйлеп.

Мұны естіген ана байғұс тағат тауып тұра алсын ба, салған бойда ұлының айтқан адамына келді.

Үммү Жәміл - иман келтірген бақытты әйелдердің бірі еді. Ұлының халіне жүрегі сыздаған ана Үммү Жәмілге Әбу Бәкірдің айтқандарын айны-қатесіз жеткізеді.

Бірақ Пайғамбарымыздан алған әр істе сақтық  сабағы бойынша Үммү Жәміл:

“Мен Мұхаммед (с.а.у.) жайлы ештеңе білмеймін. Қаласаң, Әбу Бәкірге бірге барайық, өз аузымнан естісін”, -дейді.

Негізінде, Үммү Жәмілдің Расулаллаһтан хабары бар еді. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін осылай жауап берді.

Хазіреті Әбу Бәкірді көзі көгеріп, бет-аузы ісінген күйде көрген ол:

“Сені осынша азаптап, қорлағандар азғындықтарының қайтарымын Құдайдан тапсын”,- деп айтып салғанын өзі де байқаған жоқ.

Үммү Жәмілден Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) амандығын естігенмен жаны жай таппаған Хазіреті Әбу Бәкір:

“Қайтсем де Оны өз көзіммен көруім керек, әйтпесе, жүрегім тыным табар емес”, - дейді.

Шеше сорлының баласы дегенде шығарда жаны бөлек емес пе, бұл жолы да шыр-пыр болып:

“Құлыным-ау, мына түріңмен қалай сыртқа шықпақсың? Жүре де алмайсың ғой!” – деді. Бірақ әлемнің нұрына – Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) деген сүйіспеншілік адал достың дегбірін қашырып, басқалардың айтқанын тыңдауға ерік бермеді. Ақыры болмаған соң қас қарая бір жағынан анасы, екінші қолтығынан Үммү Жәміл демеп, ақсаңдаған күйі Дарул-Әркамға келеді. Табалдырықтан аттар-аттамас Хазіреті Мұхаммедті көріп, қуанғанынан:

“Сенің жолыңа ата-анамның  да жанын  пида етейін, уа, Аллаhтың Расулы! Міне, мен де келдім. Залым Утба ибн Раби’аның бет-аузымды қанға бөктіргені болмаса, тәуірмін. Сенің амандығың - дәтке қуат”,- деді де анасын нұсқап:

“Мынау – менің анам. Осы асыл адам үшін Аллаhқа қол жайып, иман нәсіп етуін тілесең деген көптен көкейімде жүрген арманым бар еді, соның бүгін реті келген сияқты, сенің құрметіңе кешірімі мол Аллаh оны тозақ отынан сақтайтын шығар”,-  деп жалғастырды.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) айнымас досының тілегін екі етпестен дұға оқыды. Ықыласты батаның қайтарымы болып Хазіреті  Әбу Бәкірдің анасы Үммү Хайыр көп ұзамай бақытты мұсылмандар санатына қосылды.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз