×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 287

Нағыз ақын һәм ақылды хан

08 Nov 2015 0 comment Оқылды: 519 рет
Home » Ататаным » Нағыз ақын һәм ақылды хан

Бiр ханның қол астындағы елде көп ақын  тұрған екен. Олар ауыл аралап, өлең шығарып, ән салып жүрiптi. Олардың кейбiреулерi қобыз тартса, кейбiреулерi домбыра тартыпты. Хан жұмыстан қолы бос уақытта  ақындардың өлеңiн тыңдауға құштар екен.

Бiр күнi ол өзiнiң қаталдығы туралы, әдiлетсiздiгi туралы, сараңдығы туралы бiр өлең естiптi. Хан ашуланып, ойран-топыр болыпты. Ол ұнамсыз өлең шығарып, елге бүлiк салып жүрген ақынды тауып алып, хан сарайына жеткiзуге әмiр берiптi.

Өлең иесi табылмаған соң, хан уәзiрлерi мен нөкерлерiне бұйырыпты: барлық ақындарды ұстап, жинаңдар деп. Ханның қарашылары қасқыр қуған төбет сияқты ауылдан ауыл кезiп, жол тосып, жалғыз аяқ тау соқпақтарын да, түкпiрдегi сай-саланы да сүзiп шығыпты. Олар өлең шығарып, ән айтқан жұрттың бәрін ұстап, көгендепті де, бәрін де сарайдағы зынданға тастапты. Таңертең хан тұтқынға алынған ақындарға барып:

– Ал, енді әркім маған өзінің бір өлеңін айтып берсін,- депті.

Ақынның бәрі де кезек-кезек өлең айтып, ханды мақтап ала жөнеліпті: оның құдiретiн де, ұлылығын да, даңқын да өлеңге қосыпты. Жер үстiнде бұдан бұрын ешқашан мұндай ұлы, мұндай әдiлеттi хан болып көрген жоқ деп әндетiптi олар.

Хан бiр ақыннан кейiн бiр ақынды босатыпты, өлең айтып болған соң. Ақырында зынданда үш-ақ ақын қалыпты, бiрде-бiр өлең айтпаған. Бұл үшеуiн қайтадан жауып тастапты.

Үш айдан кейiн хан тұтқындарды шақырып:

– Ал ендi әркiм маған өзiнiң бiр өлеңiн айтып берсiн, дептi.

Сол сәтте үшеуiнiң  бiреуi өлең айтып, ханды мақтап ала жөнелiптi: оның тамаша ақылын да, жарқын жүрегiн де, сұлу әйелдерiн де, оның құдiретiн де, ұлылығын да, даңқын да өлеңге қосыпты. Жер үстiнде бұдан бұрын ешқашан мұндай ұлы хан болып көрген жоқ деп әндетiптi ол.

Әншiнi босатып жiберiптi. Ал өлең айтудан бас тартқан екi ақынды алдын-ала әзiрленген  қотандағы оттың басына қарай айдап ала жөнелiптi.

– Қазiр сендердi отқа тастаймыз, дептi хан. Ақырғы рет айтатыным: әрқайсың маған өздерiңнiң бiр-бiр өлеңдерiңдi айтып берiңдер.

Екi ақынның бiреуi шыдай алмай өлең айтып, ханды мақтап ала жөнелiптi: оның тамаша ақылын да, жарқын жүрегiн де сұлу әйелдерiн де, оның құдiретiн де, ұлылығын да, даңқын да өлеңге қосыпты. Жер үстiнде бұдан бұрын ешқашан мұндай ұлы,  мұндай әдiлеттi хан болып көрген жоқ деп әндетiптi ол.

Бұл әншiнi де босатып жiберiптi. Тек қана жалғыз ақын қалыпты, қасарып, өлең айтқысы келмеген.

– Мынаны бақанға байлаңдар да аяғының астынан от жағыңдар,- деп әмiр етiптi хан.

Бақанға байлаулы тұрған ақын кенеттен өлең айтып, ханның қаталдығын да, әдiлетсiздiгiн де, сараңдығын да өлеңге қосып, манағы  бүкiл осы оқиғаның басталуына себепкер болған әндi шырқап қоя берiптi.

– Тез қол-аяғын шешiңдер, оттан босатыңдар! -деп айғайлап, зекiптi хан. Елiмiздегi жалғыз ғана нағыз ақыннан айрылатын жайым жоқ!

Ерлан Алтай

namys.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз