Құран адамдарға оқу үшін түсірілді

08 Jun 2018 0 comment Оқылды: 17 рет

Біз исламды берік ұстанған, шариғаттық ел емеспіз, Конституциялық нормалар  бойынша демократиялық, зайырлы елміз. Адамзат тіршілігі  барысында жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, адал мен арамның арасында күресіп келеді, ол күрес қазірде жалғасуда. Рухани дүниелердің ішіндегі ең құдыреттісі – адамның  сенімін, оның рухын қалыптастыратын ілімдер саналады.

Ислам дінінің Киелі Құран Кәрім кітабы адамды зұлымдықтан, сұрқиялықтан, күнәдан, қателіктерден, кемшіліктерден сақтандыратын ілімдер жинағы. Құран  Кәрімнің  қазақша аудармасын жасаған Халифа Алтай: «Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі»  алғы сөзінде: Құран Кәрім Алла тағаланың сөзі. Хазірет Мұхаммедке (Ғ.С.) Жебірейіл (Ғ.С) арқылы бүкіл адам баласына тура жол көрсету үшін арап тілінде бөлім – бөліммен  жиырма үш жылда түскен болатын. Бақара сүресінің екінші аятында: «Расында бұны арапша Құран түрінде түсірдік. Әрине түсінерсіңдер» делінген. Тағы Ісра сүресінің жүз алтыншы аятында: «Құранды адамдарға кідіріп, оқуың үшін бөлім-бөліммен  түсірдік» делінген бейнедегі басқа да осы тәрізді аяттардан көруге болады», - деп жазады.

Мұсылман баласы  үшін араб тіліндегі Құран мәтіні киелі, басқа тілдегі аудармасы мағынасын толық түсіндіре алмайды, жеткізе алмайды (Исламда Құран аудармасы шешілмейтін үлкен мәселе) деп саналады.

Қазір исламға бұрылған адамдардың бәрі дерлік оның басты ұстанымдарын,  Құран Кәрімнің негізгі мағыналары мен түсініктерін арабша оқи алмауы мүмкін, мұндай шектелу, Алла тағаланың айтпақ ойына терең ене алмайды дегеннен туындаса керек. Сондықтанда Құранды қазақ тілі аудармасында  түсініп оқыған  харам саналмайтын шығар.

Мұсылман қазақ  баласы ретінде  Құран Кәрімді (Халифа Алтай аудармасында) қазақ тілінде оқимын, Құран оқығанда сүре аяттарын жазып оқитын кездерім де болады, ондай сәттерім шаттыққа бөленеді. Құран Кәрімнен  көшіріп  жазғандарымды  Сіздерменде  бөліскенді жөн көрдім.

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Алла тым жарылқаушы, ерекше мейрімді!

Сондай Алла сендерді топырақтан, сосын мәниден, сосын ұйыған қаннан жаратып, кейін бөбек қып шығарып, соңында ержеткізіп кәртәйтеді.  Кейбіреулеріңді (ержетуден бұрын) өлтіреді. Кейбірің белгілі мерзімге жетерсіңдер. Әрине ойланарсыңдар.

Алла да өте таза болушыларды жақсы көреді.

Алла кімді тура жолға салса, онда ол тура жол тапқан болады. Және кімді адастырса, сонда олар зиянға ұшырағандар.

Алла үкім бергенге дейін сабыр етіңдер. Ол үкім берушілердің жақсысы.

Ол сондай Алла, тірілтеді әрі өлтіреді.

Қашан бір істі бұйырғысы келсе, шын мәнінде оған: «бол» дейді. Сонда ол бола қалады.

Алла кімді адастырса оған тура жол көрсетуші болмайды.

Алла кімді қаласа адастырады да кімді қаласа тура жолға салады.

Бейнетке сабыр етіп, нығметке шүкіршілік етушілер үшін өнегелер бар.

Алла қалағанын өшіреді де қалдырады.

Расында Алла кімді қаласа адастырады да өзіне бұрылғанды тура жолға салады.

Негізінде ауырлықпен бірге жеңілдік бар.

Шын мәнінде қиыншылықпен бірге оңайлық бар.

Көңіліңді ашпадық па?

Жүгіңді түсірмедік пе? Сондай беліңді қайыстырған.

Сенің абыройыңды көтермедік пе?

Алла өте үстем, өш алу күшіне ие

Алла тәубені қабыл етуші.

Негізінде Алла, әрнәрсені естуші, білуші.

Егер мүмін болсаңдар Алладан қорқыңдар.

Алланың әрнәрсеге толық күші жетуші.

Расында Алла игілік істеушілерді сүйеді.

Аллаға сеніп оған жабысқандарды  өз тарапынан мәрхамет  және ілтипатқа бөлейді де, өзіне баратынды  тура жолға салады.

Алла қасында көптеген олжалар бар.

Расында Алла аса кешірімді, тым жарылқаушы.

Алла әрнәрсені  бақылаушы.

Негізінен Алла  тәуекелшілдерді жақсы көреді.

Алла  шүкірлікті бағалаушы, өте жұмсақ.

Көместі де кернеуді де білуші. Үстем хикмет иесі.

Қашан біреудің ажалы келсе, Алла оны әсте кешіктірмейді және Алла істегендерді толық біледі.

 

31 –ЛҰҚМАН СҮРЕСІ

«Адамдарды паңсып, қырындама да, жерде кердеңдеп, жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді» (18) Жүрісіңде орташа бол да,  даусыңды бәсеңдет.. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» (19). Адамдарға  ата – анасына қарайласуды  бұйырдық. Маған  және әке шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ (14).

43- ЗҰХРАФ СҮРЕСІ

Күдіксіз Құран, сен үшін әрі елің үшін бір үгіт. Келешекте сұраласыңдар. (Оны бағалау, ардақтау және оның шүкірлігін орындауға жауапкерсіңдер) (44)

 

57 –ХАЛИД СҮРЕСІ

Біліңдер! Шын мәнінде  дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән және мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана. (3-С.14-А)

61 –ТАҒАБҮН СҮРЕСІ

Сөзсіз әйелдеріңнен, балаларыңнан өздеріңе дұшпан болатындар да бар. Олардан сақсыныңдар. Егер оларды кешірім етсеңдер, шығыссыңдар, жарылқасаңдар, шексіз Алла  өте жарылқаушы, ерекші мейірімді (14). Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ. Үлкен сыйлық Алланың қасындағы.

 

68 - ҚАЛАМ СҮРЕСІ

Енді таяуда сенде көресің, олар да көреді (5)  Жындылық қайсыларыңда екен? (6) Күдіксіз Раббың кімнің жолынан адасқанын жақсы біледі. Және Тура жолдағына да біледі. (7) Ендеше, өтірікшілерге бой ұсынба. Егер сен босасаң сонда олардың босағылары келеді. (Оларды бұттардан тыймасаң сонда оларда жұмсайды Б.М.) (9) (Мұхаммед Ғ.С.) әрбір көп ант ішкен ынжықтарға бой ұсынба; (10) Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да, (11) Жақсылыққа  тыйым салушы, шектен шығушы күнәкарларға да, (12)  Сотқар, сондай-ақ тексізге де, (Мұғаияра ұлы Уәлід) бой ұсынба (13).

 103  - ҒАСЫР СҮРЕСІ

Заманаға серт. (1) Негізінен адам баласы зиянда. (2) Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір–біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды. (3)

Ислам тәрбиесіндегі ең басты мәселе - адамдардың адалдығы мен жүректерінің  тазалығы.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ғ.С.)  Құран  аяттарында Алла тағала алдында адалдыққа шақырып:  «Оларға бір Аллаға адал қызмет етіп, құлшылық ету бұйырылды», - дейді. Құран  әркімге жүрегін таза ұстау үшін, рухын түсірмеу үшін керек. Құранды оқыған сайын оның тұңғиығына еніп, құдыретіне  бас иеміз, жанымыз рухани тыныштық тауып, өзімізді  ретке келтіреміз, күш - қуат жинаймыз.

Ислам дәйекшілерінің бірі  Әбу Хамид әл –Ғазали: «Шырағым, адам келемеж үшін, не кездейсоқ жаратылмаған.... Адам мәңгілерден болмаса да, осы күнге дейін тірі, сондықтанда мәңгі. Оның тәні топырақтан, қара жерден жаратылса да, оның рухы биік, ол Құдай жаратқандай керемет», - деп жазды.

Құран Алла Тағаланың сөзі  адамдарға оқу үшін түсірілді.

Салауат Кәрім

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз