УАҺҺАБИЛЕРДІҢ ДІНИ ТҮСІНІГІ

21 Nov 2017 0 comment Оқылды: 17 рет

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың сенімі мен көзқарасын жазған еңбектерінен байқауға болады. Ол бірнеше кітап жазған. Солардың ішінен ең танымалысы «Китабут-таухид» (Таухид кітабы)[1], «Кәшфуш-шуһубат» (Күмәнді нәрселерден арылту) және «Китабул-усулис-сәләсә» (Үш негіз кітабы)[2]. Міне осы еңбектерінде таухид, ширк, бидғат мәселелеріне кеңінен тоқталады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб Ибн Тәймияның (1263-1328 ж.), Ибн Қайюм әл-Жәузидің еңбектерімен танысып, олардың пікірлерін қолдайды. Мұхамед ибн Абдулуаһһаб «Кәшфуш-шуһубат» атты кітабында амал иманның бір бөлігі, амал етпеген мұсылман болмайды деп кесіп айтады.

لا خلاف أن التوحيد لا بد أن يكون بالقلب واللسان والعمل، فإن اختل شيء من هذا لم يكن الرجل مسلما.  فإن عرف التوحيد ولم يعمل به، فهو كافر معاند كفرعون وإبليس وأمثالهما.

«Иман жүрекпен сеніп, тілімен айтып, амал ету. Егер осылардың бірі бұзылса, адам мұсылман болмайды. Ал егер таухидті танып, онымен амал етпесе, ол перғауын, ібіліс және сол екеуі сияқтылар тәрізді қасарысқан кәпір болады» [3], – деп келтіреді. Оның ұстанымы бойынша, иман – жүрекпен сену, тілмен айту, амал ету. Егер де осы үшеуінің бірі кем болса, ондай жан мұсылман емес, кәпір. Амал иманның бір бөлшегі болғандықтан, қандай да бір парыз амалды тәрк еткен адам – кәпір, діннен шығады деген үкім шығады. Әрине амал иманның ажырамас бөлшегі деген атақты имам Мәлик, Шафи, Ханбал сынды ғалымдар амал етпеген жандарға кәпір демей, «пасық», «күнәһар мұсылман» деп үкім берген.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб және оның қолдаушылары өздерін ханбали мәзһабын ұстанамыз дегендерімен, Ахмад ибн Ханбалдың ақидасымен (сенім) толық амал етпейді. Мысырлық ғалым Мухаммед Әбу Заһра «Мәзһабтар тарихы» (Тарихул мәзахиб) атты еңбегінде Ахмад ибн Ханбалдың иман жайындағы көзқарасын былай деп келтіреді: «Иман – жүрекпен сену, сенімін тілімен айту және амал етуден тұрады. Егер адам жүрегімен сеніп, тілімен сенгенін айтса, Аллаһқа серік қоспаса, Құран мен сүннетте бұйрылған әмірлерді терістемесе, бірақ жалқаулықпен амал етпесе діннен шықпайды. Аллаһ қаласа ол пендесін жазалайды, қаласа кешіреді»[4].

Ислам дініндегі бір парыз амалды орындамаған мұсылманды кәпір санайтын уаһһабилік сенім әһлу сүннет имамдары Әбу Ханифа, Мәлик, Шафи, Ханбалидің ортақ діни сенімдеріне (ақидаға) қайшы. Аталмыш 4 имамның пікірі бойынша, иман етіп, сенімін тілімен айтқан адам – мұсылман. Егер адам иман негіздеріне жүрегімен сеніп, сенімін тілімен айтып, амал етпесе, ондай кісі кәпір болмайды, діннен шықпайды. Ондай мұсылман – пасық, күнәһар. Амал жасамағаны үшін Аллаһтың құзырында өзі жауап береді. Осы мәселеге қатысты Ислам ғұламалары төмендегідей хадистерді дәлел ретінде ұстанады: «Әнастан (р.а.) жеткен риуаят бойынша: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты: «Кімде кім шын жүрегімен «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса және жүрегінде шаң тозаңындай  жақсылық (иманы) бар болса, ол тозақтан құтылушы...»  (Бухари, Иман; Муслим, Иман; Тирмизи, Жәһәннам).«Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Аллаһ жәһәннәмды харам еткен» (Муслим, Иман).

Хадисте айтылғандай, кәлимаға тіл келтірген адам түбінде жаннатқа барады. Жасамаған амалы үшін Аллаһ алдында жауап береді және тозақта күнәсін өтеген соң жаннатқа барады. Құранда кәпір адам тозақта мәңгі қалады деп анық айтылған. Ал Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб болса, өз пікірін қолдамаған әрбір мұсылманды кәпір деп, тозақта мәңгі қалушы имансыздармен, яғни кәпірлермен тең санауда. Осы пікірімен көпшілік мұсылмандарға қарсы келуде.

Ислам тарихындағы ағымдардан харижиттер ғана амал етпеген мұсылманды кәпір деген. Бұған қатысты харижиттер жайындағы тақырыпта кеңінен баяндалды. Демек, сенім мәселесінде уаһһабилердің харижилермен ортақ тұстары жеткілікті.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб таухидты былай түсіндіреді: «Таухид ғибадатта ұлы Аллаһты бір деп қабыл ету. Таухид Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) үйреткен ең ұлы парыз. Таухид намаздан, оразадан, зекеттен және қажылықтан жоғары тұрады. Бұл парыздардың біреуін қабыл етпеген жан кәпір болады. Сол секілді барлық пайғамбарлардың ұлы мұрасы таухидті қабыл етпеген де кәпір болады», – деп айтып өтеді де дәлел ретінде аяттарға тоқталады. «Аллаһ өзіне серік қосушылардың күнәсін кешпейді. Онан басқа күнәларды қалаған адамынан кешіре береді. Кім Аллаһқа серік қосса, оның ауыр күнәға батқаны» (4.Ниса сүресі, 48-аят), (10.Юнус сүресі, 105-107 аят).

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адамдар Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі деп айтқанға дейін олармен күресуге әмір етілдім. Қашан бұл сөзді айтатын болса жаны мен малын менен құтқарған болады. Бірақ діни жазалар бұның сыртында. Ішкі дүниесінің есебі Аллаһқа қалады» (Муслим, Иман-33, 34, 35), – деген хадисті Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб былай деп түсіндереді: «Лә иләһә иллаллаһ деген адамның бәрі малы мен жанын құтқара алмайды. Адам айтқан сөздің мағынасын толыққанды білуі тиіс. Яғни серігі жоқ Аллаһқа құлшылық етудің, Аллаһтан басқаға құлшылық етпеу керектігін білмейінше, бұл хадис ондай жанның амандығына кепіл бола алмайды»[5].

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб таухид мәселесінде Ибн Тәймияның пікірін қолдап, таухидті:

1. Таухиду Рубубия - Аллаһ Тағаланы Рабб екендігінде бір деп білу.

2. Таухиду Улуһия - Аллаһ Тағаланы ғибадатта бір деп білу.  

3. Таухиду Әсмаи уә сифат - Аллаһ Тағаланы есім-сипаттарында бір деп бөліп қарастырады[6]. (Ибн Тәймияға дейін өткен ешбір ғалым таухидті бұлай бөліп түсіндірмеген. Төрт мәзһабтың сенімінде де таухидті бұлай бөліп түсіндірмейді).

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың еңбектері негізінен ширк (Аллаһқа серік қосу) пен бидғаттар (дінге енген жаңалық) төңірегінде жазылғандықтан, Ислам дінін ұстанушыларды ширк пен бидғаттан арылту керек деп санайды. Тіпті ондай мұсылмандарды өлтіруге рұқсат беруімен әһлу сүннет уәл жамағат деп аталған ханафи, шафи, мәлики және ханбали мәзһабтарының ортақ діни түсінігіне қарсы келді.

Оның пікірінше, жаһилия (надандық) кезіндегі мүшриктер қандай жағдай болсын Аллаһқа сенетін. Олардың ширкі қазіргі мұсылмандардың жасап жатқан ширкімен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл еді деп, мұсылмандарды мүшриктерден бетер төмен санайды. Уаһһабилер өздеріне қосылмаған және өздері секілді сенбеген (ақида ұстанбаған), амал етпеген мұсылмандарды мүшрик деп санайды. Ондай мұсылмандардың жанын қиюды күнә санамайды. Әрине бұған рұқсат берген Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб[7].

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың негізгі ұстанымы мұсылмандарды алғашқы саләфтар[8]  кезеңіндегі Исламға шақыру. Оның ілімі үш қағидатқа негізделді:

  1. Таухид – бір Аллаһқа сену;
  2. Дінге қосылған жаңашылдықтан (бидғаттан) бас тарту;
  3. Шариғатты қатаң ұстану[9].

Уаһһабилер әулиелердің зиратына баруға қарсы шығады. Пайғамбарлардың және әулиелердің кесенелеріне барып тәуәссул жасағанды, дұға еткен адамды мүшрик, кәпір болады деп санайды. Сол себепті кесене салу, кесенелерде намаз оқу, әруақтардың рухына садақа атау ширк. Мешіттерге садақа беруге тыйым салады[10]. Мәуліт мерекесін атап өтуге қарсы, оны бидғат дейді. Тіпті, Салих ибн Фаузан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған күнін мұсылмандардың надандары мен адасқандары ғана тойлайды дей келе ондай әрекетті яһудилерге ұқсау деп бағалаған[11]. Олай  болса, оның бұл сөзінен «мәулітке рұқсат берген ғалымдар да адасқан» деген ұғым шығады. Әрине бұлай айту артық кеткендік.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб айтқандай, «тәуәссул» ширк па? Тәуәссул дегеніміз шариғатта: «Дұғаның қабыл болуы үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немесе басқа бір аса тақуа адамның құрметін себепкер етуге айтылады. Мысалы, «Уа, Аллаһ Тағалам, соңғы пайғамбар әрі Сенің сүйікті құлың Мұхаммедтің (с.а.у.) құрметіне менің мына дұға-мінәжаттарымды қабыл ала гөр», – деп тілек тілеуді «тәуәссул» дейді. Яғни дұғада «құрметі үшін» деген сөзді қолдану тәуәссулге жатады.

Әһлу сүннет ғалымдары тәуәссулдің шариғат шеңберінен шықпастан жасалуына рұқсат берген. Тәуәссул жасағанда Аллаһ Тағаланың көркем есімдерін себепкер етіп дұға жасауға болады.

قُلِ ادْعُواْ اللّهَ أَوِ ادْعُواْ الرَّحْمَـنَ أَيّاً مَّا تَدْعُواْ  فَلَهُ الأَسْمَاء الْحُسْنَى....

 «(Мұхаммед (с.а.у.)) оларға айт: Мейлі Аллаһ деп, немесе Рахман деп дұға етсін. Қайсысымен дұға етсеңдер, атасаңдар да ең көркем аттар оған тән» (17.Исра сүресі, 110-аят). Салиқалы кісіден өзі үшін дұға етуін өтіну де –тәуәссул. Мысалы, сахабалар Пайғамбарымыздан (с.а.у.) өздері үшін, науқас бауырлары үшін дұға етуін өтінген. Сондай-ақ салиқалы ізгі амалдарын себепкер етіп дұға жасау да тәуәссулге жатады. Сахих Бухариде риуаят етілгендей Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) үш жолаушының жолаушылай үңгірге кіріп паналағанын, сол сәтте үңгір аузына үлкен тастың кептеліп қалғанын айтады. Сонда әлгі үш жолаушы үңгір аузына кептелген тастың ашылуы үшін ізгі амалдарын ортаға салып, Аллаһқа дұға еткенде үңгір аузындағы тас ашылып, сыртқа шығады[12].

Сол секілді Хазіреті Омар құрғақшылық болғанда Хазіреті Аббастың құрметіне Аллаһқа былай деп дұға етеді: «Ей, Аллаһ Тағалам! Біз Сенің пайғамбарың Мұхаммедтің құрметіне жаңбыр сұраушы едік. Сен бізге жаңбыр беруші едің. Енді сол пайғамбарыңның немере ағасы Аббастың құрметіне бізге жаңбыр жаудыра гөр!» деп тәуәссул жасағанда жауын жауады (Бухари риуаяты). Тіпті, Халид ибн Уалид есімді атақты сахаба Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шашын тәбәрік етіп, сәлдесінің ішіне салып қоятын. Міне осыған ұқсас жағдаяттар шариғатқа қайшы емес және мұндай амал ширке жатпайды. Өйткені құлшылық тек Аллаһқа жасалады. Мұны ешбір мұсылман теріске шығармайды. Тәуәссулге қатысты әһлу сүннеттің ұстанымын исламтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлы «Дін мен діл» атты еңбегінде бұлтартпас дәлелдермен тұшымды әрі жан-жақты негіздеп жазған.

Уаһһабилер қарсы шыққан «мәуліт» мерекесін атап өтудің тозаққа апаратын бидғатқа қатысы жоқ. Әһлу сүннет ғалымдары бұған рұқсат берген. Бұл дінге енгізілген жаңалық емес[13].   

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың мұсылмандарды айыптаған мәселесінің бірі – «бидғат». Ол бидғат мәселесінде толығымен Ибн Тәймияның жолын ұстанды. Әрі бұл мәселеде тіпті шектен шығып кетеді. Оның айтуынша: «Аллаһтың кітабы мен Елшісінің (с.а.у.) сүннетінде болмаған, бірақ кейіннен шыққан нәрселер қабыл етілмейді», – деп: «Әрбір жаңалық  –  бидғат және әрбір бидғат  –  адасушылық», – деген хадисті (ән-Нәсаи 3/188) негіз ретінде ұстанады.

Уаһһабилер ақида мәселесінде каламшылардың, халал мен харам мәселесінде фақиһтердің сөздерін дәлел ретінде қабыл етпейді. Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың ең көп қарсы шыққан тіпті ширк деп санаған мәселесі –мазарлар мен кесенелерді зиярат ету. Себебі пұтқа табынушылық қабірлер мен кесенелерді зиярат етуден басталады. Сондықтан қабір зияраты ширкке себеп болады деген ұстаныммен 1744 жылы Хазіреті Омардың бауыры Зәйд ибн Хаттабтың қабірін талқандатады. Мекке мен Мәдина, Тайф қалаларындағы сахабалар мен табиғиндердің, шәһидтер мен әулиелердің қабірлерін қиратады.  Тіпті, Меккені алған соң Хазіреті Хадиша (р.а.) анамыздың кесенесін, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Әбу Бәкірдің (р.а.) дүниеге келген үйлерін бұзады. Осындай әрекеттері үшін мұсылмандар уаһһабилерді жек көре түсті.

Уаһһабилер жасаған әрекеттерін мына хадистерге сілтеме жасайды:

عن أبي هريرة رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم قال: «لا تشد الرحال إلا إلى ثلاثة مساجد: مسجدي هذا ومسجد الحرام ومسجد الأقصى» أخرجه مسلم

1. «Мына үш мешіттен өзгелері үшін сапарға шығылмайды: «Мәсжидул Харам, мына менің мешітім және Мәсжидул Ақса» (Муслим риуаяты).

2. «Аллаһ яһудилер мен христиандарға лағнет етсін. Олар пайғамбарларының мазарларын ғибадатхана етіп жіберді». (Бухари, Жанаиз)

3. «Менің қабірімді мереке орнына айналдырушы болмаңдар. Маған салауат айтыңдар. Өйткені, сендердің сәлемдерің маған қайда болсаңдар да жетеді» (Әбу Дәуд, Ахмәд риуаяты).

Қабірге жазу жаздыру, кесене салдыру сияқты әрекеттер – бидғат және ширк. Пайғамбарға салауат айту үшін оның мазарына бару шарт емес, салауат айтқанда «Сәйидина уә мәулана» демеу керек. Азанды әуендетіп оқу, тұмар тағу, әулие кісілерге құрмет көрсетіп жәрдем тілеу секілді әрекеттерді ширк, әрі бидғат санайды. Ширкті үлкен ширк, кіші ширк деп екіге бөліп қарастырады[14].

Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) заманында мешіттер қарапайым болғандықтан мешіттерді әшекейлеу, күмбез бен мұнара тұрғызу – бидғат[15]. Сонымен қатар олрадың ұстанымы бойынша, намазды жамағатпен оқу – парыз, намазды тәрк еткен – кәпір, діннен шығады.

Құран мен сүннет заһири (көріністегі) мағыналары бойынша қабыл етіліп, амал етіледі. Аят пен хадисті ақылға салып түсіндіру, тәуил ету – бидғат және адасушылық. Аллаһтың сипаттары аятта айтылғандай қабылданады. Алғашқы мұсылмандар мутәшабиһ аят пен хадиске айтылған күйінде сенген және тәуил жасамағандықтан тәуил жасауды бидғат санап, ақылмен зерделеуге жүгінбейді. Әһлу сүннет ғалымдары орны келгенде аяттарды тікелей мағынасымен емес астарлы (мәжази) мағынасында қабылдаған[16]. Мәселен, «Кімде-кім бұл дүниеде соқыр болса, онда ол ақыретте де соқыр. Және мүлдем жолдан адасушы» (15.Исра сүресі, 72-аят) деген аятты «екі көздің соқырлығы емес, рухани соқырлық» деп қабыл еткен. Егер тікелей айтылған күйінде қабыл етілсе, анадан туа бітті көзі көрмейтіндер тозақтық болады деген ұғым шығады. Сондықтан ғалымдарымыз осыған ұқсас астарлы мағынадағы аяттарды тәуил еткен.

Дінімізде «әл-әмру бил-мағруф уән-нәһи анил-мункәр»  – жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю – әрбір мұсылман үшін парыз. Бұл мәселеде барлық мәзһабтың пікірі бір. Алайда, осы парыз амалды жүзеге асыру мәселесіне келгенде ағымдар арасында пікір қайшылығы бар.

Әһлу сүннет бойынша, әрбір мұсылман «жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю» мәселесінде адамдар арасында бүлік шығармай, іріткі салмай, жанжалдастырмай, артық кетпейтіндей жолды ұстануы қажет. Дәлел ретінде «Пайғамбардың міндеті жеткізу ғана...» «Мәида» сүресі, 99-аятын негізге ала отырып, күш қолдану жолын қаламаған.

Харижиттер болса, бұл парыз амалды орындау барысында өзге түгілі өз бауыры мұсылманды да жөнге салу үшін онымен соғысуға болады деп үкім берген. Жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю ұранын ұстанған олар мыңдаған жазықсыз мұсылманның қанын төккеніне тарих куә.

Уаһһабилер Құран мен сүннетте жоқ жаңадан шыққан нәрселерді бидғат деп, бидғат жасаушы мұсылманмен соғысуды, қанын төгіуді халал деп санаған. Олар өз әрекеттерін Құранның мына аятына негіздейді: «Сендер адамдар үшін шығарылған туралықты әмір ететін, жаманшылықтан тыйатын Аллаһқа сенген қайырлы бір үмметсіңдер» (3.Әли Имран сүресі, 110-аят). Уаһһабилер өздеріне қосылмаған өзге мұсылмандарды өлтіруді, мал-мүлкін олжа ретінде алуды адал санаумен харижиттердің сенімін жаңғыртуда.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың өмір тарихын жазған Абдулазиз ибн Абдиллаһ ибн Баз былай дейді: «Көрегенді ақылды кісі дәлелдерден пайдаланады. Шынайы дәлелдерді қабыл етеді. Жаһил (надан) болса, нәпсіне ереді және оны тек қылыш жөнге салады. Шейх Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб та осындай дағуат пен жиһадты таңдады» (әш-Шәйх Мухаммед ибн Абдулуаһһаб, Жидда 1388, 19 бет)[17].

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың қарсы шыққан тағы бір мәселесі – сопылақ. Сопылық пен сопыларды Аллаһқа серік қосушылар деп пәтуа берді. Біреудің артынан еру немесе ағым құру – дін ішінен дін жасау деп есептеді. Бірақ осылай айтқанымен, Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб халықты өзінің идеяларымен діни пәтуаларын қабылдауға үндеді. Өзін қолдамағандарды, айтқандарын қабыл етпегендерді кәпір, мүшрик (серік қосушы) деп санады. Осылайша, бидғатпен күресемін деп, өз сөзіне өзі қайшы әрекет етті. Яғни біреудің артынан жүру, бір жол құру дін ішінен дін жасаумен тең деп айтқанымен, өзіне қосылмағандарды адасқан санап, жаңа бір жол немесе ағымның негізін қалады. Бір күні бауыры Шейх Сүлейман ибн Абдулуаһһаб оның осы әрекетінің дұрыс емес екенін әшкерелеу үшін былай деп сұрақ қояды: «Исламның шарты қанша?». Ол: «Бесеу», – деп жауап береді. Сүлейман: «Сен бұларға алтыншысын қостың. Өзіңе бағынуды діннің шарты деп санайсың. Исламның шарты мұсылмандарды кәпір деп айыптау емес», – дейді[18].

Уаһһабилер Құран мен сүннеттің белгілеген және Ибн Тәймияның ұстанған сенім түсінігімен шектелмей өздерінің үрдістерін барша мұсылманға міндет ретінде жүктеді. Бидғат ұғымының аясын тым кеңейте түседі. Ғибадатқа еш қатысы жоқ кейбір іс-әрекеттерді де бидғат санады. Олар өз пікірлерін тек бейбіт түрде насихаттаған жоқ, қажет кезде күш қолдануға дейін барды. Өздерін қолдамағандарды дұшпан санап, бейне бір кәпірлермен күрескендей болатын. Бидғатпен күресуді «жамандықтан тыю» әміріне сілтеп, өздеріне қосылмағандарға қарсы соғыс ашу деп білген. Өкінішке орай осы түсінік аясында қаншама бейкүнә мұсылманды өлтірді. Уаһһабилер бұл әрекеттерін Құран мен сүннеттің «әл-әмру бил-мағруф уән-нәһи анил-мункәр» (жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю) бұйрығын жүзеге асыру деп түсіндірді. Дәлел ретінде «Әли Имран» сүресінің 110 аятын ұстанды: «Сендер адамзат үшін жарыққа шығарылған (адамдарды) жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыятын, Аллаһқа сенетін қайырлы бір үммет болдыңдар...»

Олар ширк пен күнә мәселесінде қаталдық танытып, тіпті әуел баста кофе ішуді харамға жатқызады. Уаһһабилер басып алған ауыл мен кент маңындағы зираттарды жермен жексен еткен. Хижаз аймағын күшпен алған соң ондағы сахабалардың қабірлерін де бұздырып, тек қабір екендігін білдіретін ишара ғана қалдырған. Олардың осындай шектен шыққан әрекеттері үшін «қабір бұзушылар» деп те атаған[19].

Олар тек өздерінің пікірлерін ақиқат санап, өзгелердің ұстанымдарын теріске шығарды. Бұл жайында танымал ғалым Мұхаммед Әбу Заһра былай дейді: «Уаһһаби ғалымдары өздерінің пікірлерін қате деп санамайды. Ал өзгелердің пікірлерін айтуға болмайтындай қате деп ойлайды әрі терістейді»[20]. Мәселен, ғасырымыздағы салафи ағымының танымал ғалымы Салих ибн Фаузан «Исламдағы атақты жаңғыртушылар» атты еңбегінде әһлу сүннет жолын ұстанушы матуриди және әшғари ақида мектеп өкілдерін әһлу сүннет уәл-жамағат жолын ұстанушылардан емес деп, артық кетеді. Ол жайында былай дейді:

الاشاعرة و الماتريدية لا يستحقون ان يلقبوا باهل السنة و الجماعة ...

«Әшғарилер мен матуридилер әһлу сүннет уәл-жамағатқа кірмейді»[21]. Яғни ханафи, мәлики, шафи, ханбали мәзһабын ұстанушы мұсылмандар матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанатыны анық. Олай болса, Салих ибн Фаузанның пікірі бойынша, кім матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанса, адасқан мұсылман, әһлу сүннетке жатпайды деген сөз. Мысалы, әлемге танымал ғалым имам Ғазали әшғари ақида мектебінің өкілі. Сонда имам Ғазали де адасқан ба? Демек, Мухаммед Әбу Заһраның айтқанындай болғаны ғой?

 Уаһһабилердің пікірі бойынша, иман мен күпірді ажыратып көрсететін амалдық таухид болып саналады. Амалдық таухидке қайшы іс-әрекет жасаушы, Аллаһтың тыйым салған немесе бұйырғанын орындамаған адам – кәпір. Ондай адамның жанын қию, дүние-мүлкін талан-таражға салуды адал деп білді. Адамның іс-әрекеті шариғатқа сәйкеспесе, ондай жанды имансыздар қатарына қосты. Харижиттер де осындай ұстанымда болғанын ескерсек, уаһһабилердің олардан айырмашылығы қалмады[22]

Уаһһабилер Исламның алғашқы негіздерін қалпына келтіру және дінді бидғат амалдардан тазалауға шақырады. Сонымен қатар олар мұсылманның сыртқы бет-бейнесі мен жүріс-тұрысына, әдет-ғұрыптық тұстарына ерекше көңіл аударады.


[1] Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың «Китабут-таухид» атты кітабын «Таухид кітабы» атымен Ақнұр Ермекұлы Бишімов қазақ тіліне аударған, «Нұрлы əлем» баспасынан жарық көрген.

[2] Бұл кітаптың қазақ тіліндегі толық аудармасын  http://www.al-hanifiya.kz/aqida-kitap/27-3-usul-sharh жәнеhttp://kz.islamic.kz/?p=746 сайтынан қаруға болады

[3] Мухаммед ибн Абдулуаһһаб, Кәшфуш-шуһубат. Дар ибн Хазм. -Бәйрут, Лубнан. 2001. 158-бет.

[4]  Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 500-бет.

[5]  Сүлеймен әт-Тәмими (Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб). Таухид кітабы, қазақ тіліне аударған А.Бишімов, «Нұрлы әлем» баспсы, Алматы 2006. 36-бет.  Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 101-бет.

[6] Мухаммад ибн Салих әл-Усаймин. Әл-қаулул-муфид ала китабут-таухид. Дарул басира. Мысыр, Искандария, һ. 1417 ж. 9-бет.

[7] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 98, 104-бет.

[8] Сәләф – дінімізде алғашқы мұсылмандарға берілген атау. Сәләфқа жататындар: сахабалар (Пайғамбардың (с.а.у.) көзін көргендер), табиғиндер (Пайғамбар (с.а.у.) көзін көре алмай, сахабаларды көргендер) және таба-табиғиндер (сахабаларды көре алмай табиғиндерді көргендер).

[9] Қазақстандағы діндер. Әрекет-Принт баспасы. Алматы, 2008, 80-бет.

[10] Қазақстандағы діндер, ж.к.е., 82-бет.

[11] Салих ибн Фаузан. Таухид. Рияд. 115-116-бет.

[12] Қайрат Жолдыбайұлы, Дін мен діл, Алматы 2010, 189-190-бет.

[13] Мәулітке қатысты кеңірек мәлімет үшін қараңыз: Қайрат Жолдыбайұлы, Дін мен діл, Алматы 2010, 213-222-беттер.

[14] Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб, Үш негіз және оның дәлелдері, http://www.al-hanifiya.kz/aqida-kitap/27-3-usul-sharh  

[15] Ислам тарихында мешіттерді әшекейлеу Хазіреті Омардың тұсынан бастау алады. Хазіреті Омар Құдысты (Ирусалимді) алған кезде ондағы әсем сәулет өнерімен салынған шіркеулерді көріп, бұдан былай мешіттер де әдемі етіп салынсын деп бұйырады. Өйткені мешіттің сәулеті көрген жанды баурап алатындай және шіркеулердің тасасында қалмайтындай әсем болуы қажет еді. Өкінішке орай, уаһһабилер Пайғамбар (с.а.у.) сүннеті мен әділетті халифалардың сүннетін негізгі дәлел деп қабылдағанымен, бұл мәселеде мешіттің күмбезді, мұнаралы, әшекейлі болуын бидғат деп, Хазіреті Омардың әміріне қарсы шығады. Сол секілді халифа Омар тарауих намазын 20 рекат етіп, жамағатпен оқытқан. Сол кездегі сахабалар бұл әрекетке қарсы шықпаған. Еліміздегі уаһһабилік бағытты ұстанушылар Насруддин Албанидің пәтуасына сай тарауихты 8 рекат оқып, бұл мәселеде де әділетті халифалардың бекіткен сүннетін орындамайды.

[16] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 111-113-бет.

[17] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 114-бет.

[18] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 106-бет.

[19]  Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 221-222-бет.

[20]  Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 223-бет.

[21]  Салих ибн Фаузан. Мин мәшәһирил мужаддидинә фил-ислам: Ибн Тәймия уә Мухаммәд ибн Абдулуаһһаб. Рияд. 32-бет.

[22]  Сәкен Өзбекұлы, Мұхан Исахан. Ислам және кәләмдық мазхаптар, Алматы 2009. 155-бет.

FATUA.KZ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз