ТӘКПІРШІЛДІКТІҢ ПАЙДА БОЛУЫ ЖӘНЕ ӨРІС АЛУ ҮДЕРІСІ

21 Nov 2017 0 comment Оқылды: 13 рет

«Тәкпір» сөзінің сөздік мағынасы – «біреуге кәпірсің деу», «кәпір деп жариялау», «кәпір деп үкім шығару». Ал терминдік мағынасы – мұсылман адамды негізсіз түрде кәпірлікпен айып-тап, оны кәпірлердің қатарына қосу. Осылайша оны өлтіруге және мал-мүлкін тартып алуға мүмкіндік туады. Мұндай үкім шығару азғындаған топтардың ұстанымы, әрине.

Исламдағы қағидаттарды бұр-малап, діндарларды күпірлікпен айыптау тәжірибесін алғаш рет халиф Әли ибн Әбу Талибке қарсы көтерілісті ұйымдастырған харижилер қолданған болатын.
Харижилер мұсылман жамағатынан бөлінген тұңғыш діни-саяси топ болып табылады. Мұсылмандар арасында фитна, бүліктердің таралуы 657 жылы орын алған Сыффин соғысының нәтижесінде пайда болған. Ол уақытта халиф Әли ибн Әбу Талиб пен Муғауия ибн Әбу Суфян арасында бітім жасалған соң, 12 мың жауынгер халифтың әскерінен бөлініп шығып, мемле-кет басшысына қарсы көтеріліске шықты. Сонымен бірге, харижилер алғашқы болып Ислам тарихында саяси негізде қастандықпен адам өлтіруді жүзеге асырды. Халиф Әли күнә жасағандарды кәпір санаған хауариждерге қарсы Абдуллаһ ибн Аббас сынды білікті сахабалар арқылы күрес жүргізгеннен кейін олардың басым бөлігі райларынан қайтқан.

Қазіргі таңдағы кәпірлікпен айыптау құбылысы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Мысырда пайда болған. Мысыр президенті Жамал Әбднәсырдың бұйрығымен Сайд Құтб пен оның жақтастары өлім жазасына кесіледі, өзгелері абақтыға жабылады. Түрмелердегі дінді ұстанған мұсылмандар қатты азап тартады. Сол азапқа шыдамай қайтыс болғандар да бар. Осындай үрейлі жағдайда мұсылмандардың ашу-ызасынан туындаған тәкпір идеологиясының діни көзқарасы қабылданып, қолдайтын адамдар да табыла қалады. Олар қоғамның жас жеткіншектері еді.

Тәкпіршілердің сенімі бойынша иман келтіру – кәлиманы тілмен айтып, жүрекпен бекіту және амал жасау. Олардың пікірінше, мұсылман адам кәлиманы тілмен айтып, жүрекпен бекіткенімен, егер Исламдағы парыздарды орындамаса, онда иманды болып табылмайды. Мұндай адамдарды тәкпіршілер «Бидғаттарды және күнәлі істерді жасаушылар» деп атайды. Сөйтіп, оларға қарсы жиһад жасау парыз, оларды өлтіруге, әйелдері мен мал-мүліктерін тартып алуға болады деген сенімді ұстанады. Олардың осындай бүлікшіл ұстанымы соң-ғы ғасырларда мұсылмандардың арасында көптеген фитналардың шығуына әкелді.

Соңғы жылдары тәкпіршілердің көпшілігі террорлық әрекеттерге бой алдырып, әлемге жексұрын бола бастады. Бұл жағдайда өздерінің құлдырап бара жатқан абырой-ларын сақтау үшін өшпенділікке негізделген ұстанымдарын боя-малап көрсетуге әрекеттеніп жүр-гендері де бар. Бірақ, олар қанша әрекеттенгендерімен көсемдерінің кітаптарындағы: «Бидғаттарды жә-не күнәлі істерді жасаушыларға қарсы жиһад жасау парыз», – деген ұстанымдарын жасырып қоя алмайтындығы анық. Жамағаттың негізгі ұраны – тәкпір, яғни кәпірге шығару, кәпір деп санау ұғымы. Үлкен күнәларды істеген, бастан аяғына дейін күнәға батқан адам кәпір. Оның тәубесі қабыл болмайды. Сондай-ақ, Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен сол үкімді разылықпен қабылдайтын жұрт та кәпір. Бұларды кәпір демейтін дін ғалымдарды да кәпір. Тәкпір пікірін қабыл алмаған немесе қабыл алып, жамағатқа қосылмаған және сол жамағаттың имамдарына ермеген әрбір адам кәпір. Ал, кімде-кім жамағатқа кіріп, одан шықса, ол адам сатқын деп есептеледі. Оны өлтіруге де болады. Қайбір Ислам жамағаты тәкпір жамағатының дағуатын қолдамаса, оның басшысы дін-нен қайтқан кәпір саналады. Тәкпіршілердің нысанасы – дәс-түрге берік, өмірлік көзқарасы қалыптасқан, қоғамда орныққан мұсылмандар. «Тәкпіршілдіктің» талқандағыш күші алдымен Ислам дінін ұстанатындарға және Исламның тікелей өзіне бағыттал-ған. Өз міндеттеріне сай мемлекет-ті қорғап, қолдап отырған билік-тің, құқық қорғау органдарының, қарулы күштер құрылымдарының өкілдеріне «тәкпір» жариялау Ислам рухына жат және қағидаларымен үндеспейді.

Құранда «Ниса» сүресінің 94-аятындағы: «…Сендерге сәлем берген адамға, дүниенің өткінші қызығына алданып: «Сен мүмін емессің» демеңдер», – деген үкім туралы Ибн Аббас: «Алла Тағала мүміндерге өлексені жеуге тыйым салғаны сияқты, «Лә илаһә илләллаһ» деп куәлік берген адамға: «Сен – кәпірсің», – деп айтуды да харам қылды. Бұл оның мал-мүлкіне және жанына берілген амандық. Сондықтан, оның сөзін қайтармаңдар», – деген. Хадисте дәл аяттағыдай үкім беріліп, «Лә илаһа иллаллаһ» деп куәлік берген адамға: «Сен – кәпірсің», – деп айту, яғни «тәкпір жасау» тыйым салынған. Кімде-кім осы аят пен хадисте «тәкпір жасауды» харам еткен үкімдерін білместікпен бір мұсылманға: «Сен – кәпірсің», – десе, айтқан адам күнәлі болады, ал егер біле тұра айтса, харам етілген амалды қасақана орындағандығы үшін өзі кәпір үкіміне ұшырайды. Сондықтан, біздің мәзһабымыздың ғұламалары «Лә илаһа иллаллаһ» деп куәлік берген бір адамға: «Сен – кәпірсің», – деп тәкпір жасаудан тыйылу туралы қатаң түрде ескерту жасаған. Сол себепті, ханафи мәзһабын ұстанушылардың арасынан ешқашанда тәкпіршілер шыққан емес.

Ал енді тәкпіршілердің осы мәселеге қатысты ұстанымына назар аударатын болсақ, олардың ұстанымы бойынша, тек «Исламның негіздерін орындайтын және баршаға мұсылман ретінде танымал болған» адамдарға ғана тәкпір жасауға болмайды.

Ал енді, ханафилердің сенімі бойынша, иман келтіру – кәлиманы тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Осылай істеген адам иманды деп саналады. Оны кәпір деп айыптауға, оған қарсы жиһад жариялауға ешкімнің қақысы жоқ. Өйткені, «әһли сүннет уәл жамағат» сенімі бойынша, құбыла жаққа қарап намаз оқитын адамға кәпір деп айту әрі қателік, әрі күнә болып табылады. Ақида кітаптарында айтылғанындай: Әһли қыбыла, яғни біздің құбыламызға қарап намаз оқитын, Мұхаммед пайғамбардың Алладан әкелген үкімдерін ма-құлдап мойындаған, сондай-ақ, Пайғамбар хабар берген нәрселерді растап мақұлдаған адамдарды мүмін-мұсылмандар деп атайды.
«Мәзһабсыздар» деп аталып жүрген тәкпіршілердің идеоло-гиясы Исламдағы дәстүрлі төрт мәзһабтың мәнін бұрмалау болып табылады. Мәселен, олар «біз тек Құран мен сүннетті басшылыққа аламыз, ал Құран мен пайғамбар сүннетінде мәзһабтар туралы ештеңе айтылмағандықтан, ондай түсінікке орын жоқ» деген пікірді алға тартады. Тәкпіршілердің Әбу Ханифа мәзһабына және оны ұстанушыларға не үшін сынай қарайтыны осыдан түсінікті болады. Сондықтан олар жергілікті мешіт имамдарын да мойындамайды.

Біз сенім тұрғысынан сүнниттік бағыттағы имам Матуриди ас-Самарқанди ашып, түсіндіріп берген Әбу Ханифа ақидасын ұстанамыз. Алайда «мәзһабсыздар» имам Әбу Мансұр Матуридиді «кәпір» деп, ал оның ізбасарла-рын «адасқандар» деп санайды. Яғни, тәкпіршілер оларды (ханафи мәзһабын ұстанушыларды) өз дінінің, өз әрекеттері мен жүріс-тұрыстарының мән-мағынасын тү-сінбейтін адамдар деп есептейді.

Байқап көріп отырғанымыздай, дәстүрлі Исламды ұстанатын қарапайым мұсылмандар тәк-піршілер нысанасына айналып отыр. Басқаша айтқанда, тәкпіршілер Ислам дінін өздерінше ұстанбаған барлық мұсылмандарды «кәпірлер» немесе «дінсіздер» деп жариялай-ды. Бұл жағдайда кәпірлікпен айыпталған мұсылмандар «діннен шыққан» (арабша «муртад», яғни «исламнан безген») деген атқа ие болмақ. Демек, дәстүрлі Исламды ұстанатын күллі мұсылмандарға қарадан-қарап күйе жағылады. Аталмыш теріс пиғылды ағым қоғамға осындай бөлінушілік әрекетімен қауіпті.

 Саясат Көкенай

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз